«AMANAT» ел аманатын арқалап, бұқараның базынасына құлақ түріп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін баса айтқан болатын.

«Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек», – деген Президент саяси партияларды тіркеу рәсімін едәуір жеңілдетті. Бұл, әлбетте, еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Сол арқылы өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялардың пайда болуына жол ашылады.
«AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалы Жолдау жүктеген міндеттерді жете түсініп, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бүгінде филиалға қарасты 44 бастауыш ұйымы, 320 кіші партиялық топтар бар. Ал партия мүшесі ретінде 10 568 адам тіркелген. Сонымен қатар филиал жанындағы саяси кеңес құрамында 25 және Саяси кеңес Бюросының құрамында 9 мүше бар. Ал филиалдың 19 мүшесі Тараз қалалық мәслихатына сайланған. Олардың арасында 2-і 35 жасқа дейін, 11-і 35-50 жас аралығында, 5-і 50-60 жас аралығында, 1-і 60 жастан жоғары болса, 7-і әйел азаматшалар екен. Олардың ішінде жоғары білімді, қарым-қабілеттері шыңдалған білікті мамандардың да үлес салмағы басым. Сонымен қоса, филиал былтыр Саяси кеңестің 3, Саяси кеңес Бюросының 4 отырысын өткізген.
– Сайлаушылармен өткізілетін іс-шаралардың желілік кестесіне сәйкес, әрбір фракция мүшесі тиісті жұмыстарды атқаруда. Өткізілген іс-шаралар әлеуметтік желіге тұрақты түрде жарияланып тұрады. Мәселен, өткен жылы фракцияның отырысы төрт рет өткізіліп, қалалық филиалдың мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісін сайлау, тұрақты комиссия төрағалығына кандидаттар ұсыну, депутаттық фракцияның алдындағы міндеттеріне арналған жұмыс жоспарын бекіту және фракцияның былтыр атқарған жұмыстары, алдағы жоспарлары сынды өзекті мәселелер қаралды. Биылдың өзінде 2 отырыс өткізіліп, Президент тапсырмасы негізінде филиал жұмысын жаңғырту, «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын Тараз қаласында іске асыру бойынша әзірленген Жол картасының 2021 жылға арналған көрсеткіштерінің орындалуы және биылға жоспарланған межелі міндеттерді іске асыру туралы мәселелері кеңінен талқыланып, осы бойынша фракция мүшелерінің есептері тыңдалды.
Партиялықтар бұқара базынасына да әрдайым құлақ түруде. Соның жарқын дәлелі – былтыр фракция мүшелерінің қатысуымен 54 қоғамдық қабылдау өткізілді. Бұған 93 адам өтініштерімен қайырылып, оның 39-ы оң шешімін тауып, 54-і бойынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай қабылдауларды тұрақты түрде өткізу қолға алынған. Сондай-ақ фракция мүшелерінің демеушілігімен былтыр 148, биыл 36 адамға материалдық көмек көрсетілді. Осы орайда атқарылған іс-шаралар жөнінде баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде көптеген материалдар жарық көрді. Жалпы фракция мүшелерінің қатысуымен «Канвассинг», «Экспромт кездесу», «Есіктен есікке», «Депутатқа сұрақ қой» сынды акциялар мен түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бұл партия мен халықтың арасын жақындата түсетіні сөзсіз, – дейді партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Уәлихан Байдуанов.
Биыл партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде «Nur Otan» партиясының Саяси кеңес құрамы жаңарып, партия атауы «AMANAT» деп өзгергені белгілі. Осылайша съезде айтылған модернизациялаудағы жеті басымдықты іске асыру мақсатында партия дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Әлбетте, әрбір басымдықта көрсетілген шаралар халықтың партияға деген оң көзқарасын қалыптастырып, партия мүшелерінің және бастауыш ұйымдар жетекшілерінің бұқарамен тығыз байланыса отырып жұмыс жүргізу белсенділігін арттыра түспек.
Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламаның 7 басымдығының бағыты – халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру, партияластар арасында ынтымақтастықты, ашықтықты және бақылауды күшейту болмақ. Мұнда халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру үшін қоғамдық кеңестердің санын оңтайландырып, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы проактивті форматқа ауыстырылатындығы да айтылды. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының қызметіне толық талдау жүргізіліп, партияластар халықпен жұмыс істеу дағдыларына түпкілікті көшеді. Сонымен қатар бағдарламада партия жұмысында ашықтықты жолға қою үшін депутаттар қызметінің рейтинг қорытындыларын жария етіп, ұйымның мобильдік қосымшасы іске қосылатындығы және партиялық бақылау жұмыстарының күшейтілетіндігі де көрсетілген. Осыған сәйкес, партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымы өзгеріп, сандық емес, сапалық көрсеткішке бағытталып отыр екен. Яғни кейбір кеңестерде салалық мәселелер бойынша көтерілетін сұрақтар ұқсас болғандықтан, партияның филиалы жанынан құрылған 8 қоғамдық кеңес біріктірілген. Қазіргі таңда әлеуметтік мәселелер, өңірлерді дамыту, жастарды қолдау, мемлекеттік басқаруды дамыту және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер мен Партиялық бақылау комиссиясы жұмыс істеуде. Сонымен қатар белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөйлейтін тұлғалар енгізіліп, отырыстар барынша ашық форматта өткізілуде.
Осы орайда партия филиалының биылға арналған азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес, 74 қабылдау өткізіліп, 168 өтініш түскенін атап өткен жөн. Оның 74-і оң шешімін тапса, 94-іне заңнамалық түсініктемелер берілген. Сондай-ақ өтініштерді қарастыру бойынша бірлесе отырып жұмыс жүргізу жөнінде тиісті мекемелерге ұсыныстар жолданып, олардың орындалуы партия тарапынан бақылауға алынған.
«AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуын бақылауға фракция мүшелері жауапты болып бекітілген. Осы бойынша 43 рейд, оның ішінде Тараз қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе отырып 9 рет рейд ұйымдастырылған. Бұл бағытта көптеген жиындар өткізіліп, түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылуда.
– Жол картасындағы жеті басымдыққа сәйкес, 2025 жылға дейін Тараз қаласында 107 іс-шараны орындау көзделген. Оның ішінде өткен жылы белгіленген 86 іс-шараны орындау бойынша тиісті жұмыстар атқарылса, биылғы жылы 90 іс-шара бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әзірге соның 18-і толығымен жүзеге асты. Әрине, бұлардың барлығы қаржыландыруды қажет етеді. Осы мақсатта шаһардың 2022-2025 жылдарға арналған бюджетінде 28 іс-шараны орындауға 21 014,3 миллион теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 10 355,5, облыстық бюджеттен – 7 188,3 және қалалық қазынадан 3 470,5 миллион теңге жұмсалмақ, – дейді Уәлихан Боларбекұлы.
Жолдаудағы «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын!», – деген жолдар баршамызға зор сенім жүктейді. Әсіресе бұл партиялардың жауапкершілігін одан әрі үстемелей түспек. Дағдарыстан дамуға бет түзеген елімізде демократиялық құндылықтардың бұрынғыдан да нығайып, билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнату аса маңызды. «AMANAT» партиясының жергілікті филиалы осыған зор үлес қосуда. Ендеше, жаңа Қазақстанның іргетасын қалауға сеп болып жүрген партия филиалының жұмысы бұдан да жандана түсеріне сенім мол.

Құрбанәлі Шахабай

 

Comments (0)
Add Comment