«Қамқорлық» орталығының қамқорлығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Ел Президенті өз сөзінде: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керек», – деген болатын.

Осыған орай Тұңғыш Президенттің «Қамқорлық қоры» бастамасымен өңірімізде облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан 120 төсек орындық «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, онда 1267 бала ем алуда. Нәтижесінде өз өңірімізде сал ауруымен және тірек-қимыл қозғалысы ақаулары бар балаларды сауықтыру және емдеу мүмкіндігі туып отыр. Атап айтсақ, орталық жұмысының арқасында өз бетімен жүріп-тұратын деңгейге 26 бала жетсе, 40 бала өз күшіне сүйеніп тұра алатын болған. Көмекпен жүруге 41 бала қауқарлы болса, қолмен әрекет жасай алатын 58, сонымен қатар таным процестері дамыған 858 бала болды.
Ата-аналардың аталған орталыққа деген ризашылығынан, қатарға қосылған құлындарын көріп қуанғанынан жұмысы жоғары деңгейде жүріп жатқанын көруге болады. Орталық қызметкерлері балаларға махаббат пен мейірімін арнап, олардың риясыз күлкісі үшін атқан таңмен таласып қызмет ету парызымыз деп біледі.

Жұматай Көксубайұлы

 

Comments (0)
Add Comment