Эдинбург университетінің мамандары зерттеу жүргізіп, парацетамолды ұзақ уақыт қолдану қан қысымы жоғары науқастарда жүрек ауруы мен инсульт алу ықтималдығын арттыратынын анықтады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, зерттеуге қан қысым жоғары 110 ерікті қатысқан. Екі апта бойы олардың бір бөлігі күніне төрт рет парацетомал қабылдаған. Ал басқалары плацебо ішкен. Пациенттер екі түрлі емді рандомизацияланған тәртіпте алған. Сонымен қатар, зерттеуге қатысушылардың үштен екісі гипертонияға қарсы препараттарды да ішкен. Нәтижесінде орташа есеппен зерттеуге қатысушылардың қан қысымының жоғарылағаны анықталған яғни парацетамолды үнемі қолдану жүрек ауруы немесе инсульт қаупін шамамен 20 пайызға арттырған. Адамдар препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін олардың қан қысымы зерттеудің бастапқы кезеңіндегі қалыпқа түскен. Айта кетсек, бұған дейін ғалымдар парацетамол бауыр ауруының асқынуына да әкелуі мүмкін екенін анықтаған еді. Одан бөлек, препарат аллергиялық тері бөртпелерін тудыруы да мүмкін.