Қазақ халқы үшін қоғамның басты құндылығы – отбасы. Ата-бабамыз осы асыл ойды «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөзбен әспеттеп, ұрпағының санасына сіңірген. Шаңырақтың тірегі – әке, ал жүрегі – аналар деп білген. Отағасының бабын келістіріп, ұл- қыздарын бағып-қағып, үй тірлігін ұршықша үйіріп отырған келіншектер қай кезде де қоғамға үлгі болған. Сол себепті де әйел-ана – шаңырақтың құты мен берекесі.
Ананың алақаны – бесік, ананың жүрегі – тұнған мейірім. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де анадан тарайды. Ана – қасиетті де қастерлі сөз. Ана есімі қашанда ардақты. Аналардың абзалдығын айту – ұрпаққа аманат. Себебі адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған.
Ал қоғамның басты байлығы бала деп білсек, осы байлығымызды молайтып, ортамызды толтырып, ұлт ұпайын түгендеп жүрген алтын құрсақты аналарымыз бар. Әсіресе, жас та болса көп баланы дүниеге әкелген батыр аналардың көбейіп келе жатқаны қуантады.
Бұрын еліміздің демографиясына үлес қосып жүрген аналарға «Батыр ана» атағы, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері табысталатын еді. Ал 2010 жылдан бері қарай олардың орнын «Алтын» және «Күміс алқа» алмастырды. 2010 жылдан бері қарай жүргізілген есеп бойынша, қазіргі уақытта Тараз қаласында аталған марапатқа ие болған 5 856 ана бар. Олардың 2 826-сының кеудесінде алтын төсбелгі жылтыраса, 3 030-ы күміспен күптелген құрмет белгісін иеленген.
Соның бірі – «Алтын алқа» иегері Сәбира Кенешбекқызы. 1991 жылдың қазанында көршілес Қырғызстанның Талас облысы, Манас ауданының Кара-Бура (Кировка) ауылында дүниеге келген ол 7 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отыр.
– Әкем мен анамның құшағында, әжемнің аяулы алақанында өстім. Жолдасым Ғани Тілемісов екеуміздің тағдырымыз тарихы терең Тараз қаласында тоғысып, 2013 жылдың ақпан айында бас қостық. Осылайша 21 жасымда Қоңырат елінің ішіндегі Қараша ұрпағының Жұман-Нұраш әулетіне келін болып түстім. Осы жылдың 26 қарашасында үлкен ұлымыз дүниеге келді. Одан кейін 2015, 2017 жылдары тағы ұлды болсақ, 2019, 2021, 2022 және 2024 жылдары құдай қатарынан төрт қызды болуды нәсіп етті. Бүгінде балаларым өте бауырмал, ынтымақты, жауапкершілікті бірінші орынға қоятын азамат болып өсіп келе жатыр, – дейді батыр ана.
Ал «Күміс алқа» тағынған Диана Ботабек 6 баланы өмірге әкеліп, ел азаматтарының санын арттыруға өз үлесін қосып келеді.
– Мен 1988 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенмін. 23 жасымда тұрмысқа шығып, бақытты-баянды күн кешіп жатырмыз. Алланың берген 5 ұлы, 1 қызын дүниеге әкелдім. Құдайға шүкір, барлығының дені сау, қатарластарынан қалмай өсіп келеді. Қазір тұңғышымыз 6-сыныпта оқып жатыр, ал кішіміз 4 жасқа толады. Жан жарым екеуміз қарашаңырақтың отын өшірмей, үлкен отбасы болып отырмыз. Өзім үй шаруасындамын. Алайда мемлекет тарапынан көпбалалы ана ретінде көрсетілетін қолдаудың арқасында ештеңеден тарылып жатқанымыз жоқ, – дейді Диана Сәулетқызы.
Мемлекеттің ардақты аналарға қолдау көрсетуі – оң үрдіс, қай жағынан да орынды. Өйткені халық санының артуына стратегиялық маңыз беріліп отырған қазіргі кезде көп балалы аналарға қандай құрмет көрсетілсе де, артықтық етпейді.
Жалпы, елімізде төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар бірден көпбалалылар санатына жатқызылады. Сондай-ақ күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері барлар да көпбалалылар қатарына қосылады. Осылайша көпбалалы отбасыларға отбасы табысына қарамастан жәрдемақы тағайындалған.
Оның мөлшері жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты өзгеріп отырады. Айталық, биыл 4 баласы бар отбасыларға – 69 330 теңге, 5 балаға – 86 673 теңге, 6 балаға – 104 017 теңге, 7 балаға – 121 360 теңге, ал 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 17 300 теңгеден төленеді. Бұдан бөлек, ай сайын «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 27 680 теңге, «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 32 005 теңге аударылып отырады. Айта кетер жайт, 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10 пайызға артты.
Осылайша биылғы қаңтар айында мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы қамтылып, оған жалпы сомасы 56,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен 627,4 мың отбасына 49,2 млрд теңге, наградталған анаға берілетін жәрдемақымен 247,8 мың адамға 7,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша осындай жәрдемақымен 606,2 мың отбасы және 244,1 мың ана қамтамасыз етіліп, бұл мақсатқа 608,9 млрд теңге жұмсалған. Бұл – елімізде отбасын қолдауға көп көңіл бөлініп отырғанының белгісі.
Сонымен қатар аталған санатқа жататын аналарға қаржылық емес басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, олар тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан алуға немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді алуға бірінші кезекте құқылы. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар бірқатар салықтар мен мемлекеттік баж төлеуден босатылған. Сонымен бірге «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 3-тармағына сәйкес, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
Мемлекет тағайындайтын жәрдемақыдан бөлек, жыл сайын еліміздің өңірлерінде Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар біржолғы әлеуметтік көмек те көрсетіп отырады. Мысалы, биыл Астана қаласындағы 8 132 көпбалалы анаға 2,5 АЕК (10 812,50 теңге), Шымкент қаласында 14 267 анаға 5 АЕК (21 625 теңге) көлемінде төленеді. Ал Абай облысында 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету көзделіп отыр екен. Сол секілді Ақмола облысында – 3-тен 5 АЕК-ке дейін (12 975-1 625 теңге), Солтүстік Қазақстан облысында – 10 АЕК (43 250 теңге), төрт және одан көп баласы бар отбасыларға 5 АЕК (21 625 теңге) төлеу жоспарланған. Түркістан облысында «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерінің 57 163 иегеріне 2 АЕК (8 650 теңге) мөлшерінде біржолғы көмек берілмек. Павлодар облысында 650-ден астам анаға 5 АЕК (21 625 теңге) көлемінде біржолғы төлем берілсе, Маңғыстау облысында 14 835 мереке иесіне 15 000 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Қарағанды облысында 23 415 ақ жаулықтыға – 20 000 теңге, Ұлытау облысында 9 375 көпбалалы анаға – 20 000 теңге, Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы аналарға 15 000 теңге мөлшерінде төлем беріледі. Ал Жетісу облысында аналарға атаулы әлеуметтік көмек жүйесі арқылы қолдау көрсетіледі екен.
Алайда мереке мезіретінде аналарға назар аудармаған аймақтар да бар. Айталық, республикалық маңызға ие Алматы қаласында 38 630 көпбалалы отбасы тіркелгенімен, оларға әлеуметтік көмек қарастырылмапты. Сонымен қатар Ақтөбе (30 363 көпбалалы отбасы), Алматы (52 мыңнан астам көпбалалы ана), Атырау (30 033 көпбалалы отбасы), Қызылорда (17 766 көпбалалы ана), Қостанай (5 153 көпбалалы ана) және Батыс Қазақстан облыстары (15 410 көпбалалы отбасы) да көгілдір көктемнің шуақты мерекесінде көпбалалыларға көңіл бөлмегендер қатарына қосылған. Өкінішке қарай, бұл тізімде Жамбыл облысы да бар. Соңғы дерек бойынша, облыста 48 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелген. Дегенмен, аталған жамбылдық жанұяларға бірретік жәрдем беруге қаражат қарастырылмаған көрінеді.
Ана баланы тәрбиелей отырып, қоғамды тәрбиелейді. Сондықтан қалыптасқан қоғамның керегесін кеңейтетін де, тарылтатын да – аналар. Қазақ қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген халық. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет. «Жұмақ – ананың табанының астында» демекші, Құдайдан кейінгі құдірет иесі, ол – Ана. Адам адам болғысы келсе, ең алдымен анасын қастерлеуге тиіс. Сондықтан мереке қарсаңында аяулы, ардақты жандарға құрмет-қошемет көрсету ешқашан артық болмайды.
Еркін САЙЫН