Демография – кез келген елдің дамуындағы маңызды, шешуші фактор. Мемлекеттің өсіп-өркендеуіне халық саны барынша ықпал етеді. ХХ ғасырдың басында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы жазбаларында сол кездегі халқымыздың саны 6 миллионға жеткені туралы мәлімет бар. Бірақ халықтың басына түскен түрлі нәубет – аштық, қуғын-сүргін, соғыс сынды сұрапыл оқиғалар қазақтың демографиялық өсімін тежеп, 6 миллионды 1,5 миллионға дейін азайтып жіберді. Ал ХХІ ғасырда 20 миллионға жеттік. Бағалай білсек, бұл да болса егемендіктің арқасы, ел тарихындағы ең басты жетістігіміздің бірі.
Азаттықтың алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінен бастап, мемлекет халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік қолдау шараларын бірден қолға алып, қордаланған түйткілдің түйінін шешуге кірісті. Халықтың мазасы қашқан сонау тұста негізгі заңда еліміз «әлеуметтік бағдарлы мемлекет» деп жарияланған еді. Осылайша, әлеуметтік бағытқа ерекше басымдық берілді. Оның аясында халықтың демографиялық ахуалы мен әл-ауқатын дамыту мақсатында мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық бағдары белгіленіп, еліміз нарықтық экономикаға сай әлеуметтік қолдаудың жаңа үлгісін жасауға бел буды.
Мемлекет басшысы Жолдауында: «БҰҰ-ның еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген еді. Расында, еліміз тұрғындары 1991 жылмен салыстырғанда 12% көбейсе, осы аралықта өзбектер 59%, тәжіктер 68%, қырғыздар 43%, әзербайжан халқы 37% өсіпті. Қанша дегенмен жоғарыдағы демографиялық биік меже – республика халқы санының 20 миллионға жетуі, соның ішінде мемлекет құраушы ұлт – қазақтың ел аумағында санының басымдыққа ие болуы «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың зор жетістігі. Бұған мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға жасалып жатқан жағдайлар да өз септігін тигізгені сөзсіз.
Айталық, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқаларды табыстау рәсіміне қатысты. Ең әуелі шаһар басшысы ізгі тілегін білдіріп, алтын құрсақты аналарға деген құрмет азаймайтынын атап өтті.
– Егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионнан асып, демографиялық өсімге қол жеткізіп келеміз. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің қоғамда әйел азаматтарының орны биік екенін көрсетеді. Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір көрінісі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша берілген 5 көпбалалы анаға «Алтын алқа», 30 анаға «Күміс алқаларын» тапсырды.
Аналар да өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Жалпы Тараз қаласы бойынша соңғы 15 жылда 2 808 алтын құрсақты ана «Алтын алқаның»,2 964 ана «Күміс алқаның» иесі атанды.
Құрмаш Қаптағай