Алматының бейресми символына айналып кеткен әйгілі «Алтын орда» базарының басынан дау арылмай тұр. Қаңтар оқиғасынан кейін дәл осы сауда орнына қатысты көп шындық мәлім болды. Президенттің өзі жауаптыларға «Алтын орданың» маңайындағы кейбір былықтарды реттеуге тапсырма берген болатын. Сонда да болса базар төңірегіндегі қожайындары арасындағы талас-тартыстан басталып, сауда орындарының санын жасырып, салықтан жалтаруға дейін жалғасқан мәселелер шешіле қоймады.
Басшы көп жерде…
Ақпан айында Сауда және интеграция министрлігі «Алтын Орда» базары Kurylys LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі екенін хабарлады. Құзырлы орындардың тексерісі аталған серіктестік тарапынан 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде заңбұзушылыққа жол бергенін анықтады. Айтпақшы сол тексерулерден соң базардың иесі ретінде Данияр Әлпиев деген азаматтың аты аталды. Данияр Әлпиев – базардың алғашқы құрылтайшысы Алтынбек Әлпиевтің ұлы. Аз уақыттың ішінде Алматы қаласымен бірге республиканың оңтүстік өңіріне танылып үлгерген базар негізін қалаған Алтынбек Әлпиев 2007 жылы кісі қолынан қаза тапты. Ал базар Kurylys LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіне өтеді.
«Алтын орданың» жаңа қожайыны өзін аталған сауда орнының шын иесі екенін, кезінде оны әкесінің өлімінен кейін рейдерлік жолмен тартып алғанын мәлімдеді. Тіпті, ол әділдікке қол жеткізу үшін Президентке үндеу жариялады. «Алтын Орда» базары 2000 жылдардың басында құрылған. Осы жылдар ішінде әкем Алтынбек Мұқашұлының жетекшілігімен сауда орны дамып, кеңейді. Базарда мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2007 жылы әкем Әлпиев Алтынбек жұмбақ жағдайда қаза тапты. Осы оқиғадан кейін біздің еркімізден тыс базарды басып алу операциясы жасалды», – деді Данияр Әлпиев.
Президентке үндеуінде Д.Әлпиев «Алтын Орда» базарын рейдерлердің басып алу фактілерін және Алтынбек Әлпиевті өлтірудің астары туралы егжей-тегжейлі баяндаған.
Осылайша, ел арасында базардың заңды иесі оралды деген ақпарат қалыптасқан. Алайда бірер күн бұрын «Алтын орданың» тағы бір қожайыны бар» деген ақпарат желдей есті. Кезінде жоғары қызмет атқарған бұл кісінің базардың 95 пайызына иелік ететіндігі де айтылып жүр.
Базардың иесі ретінде аты аталатын Еркебұлан Хамзин Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті бастығының бұрынғы орынбасары. Бір қызығы, елордада жауапты қызмет атқарған жанмен Алматыдағы «Алтын орда» базарын не байланыстыратындығы туралы мәлімет жоқ. Бірақ құқық қорғаушы Дәурен Ғабдул құқық қорғау органдарынан «Алтын Орда» базары оның бұрынғы қожайындарынан заңсыз тартып алынғанын айтты. Оның дерегінше, «Алтын Орда» базарының 95 пайызы Еркебұлан Хамзиннің Компания Number One жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ақпан айының соңында сатылған. Ал жоғарыда аты аталған Данияр Әлпиев «Алтын орда» акциясының 5 пайызына ғана иелік етеді екен. Дегенмен базардың басшылығына сәуір айынан келген Данияр Әлпиевпен саудагерлер тіл табыса алмай жүр.
Әлпиевті әлекке салды
Екі жыл бұрын базарда саудагерлерді жылы әрі ыңғайлы сауда орындарымен қамтамасыз ету үшін жабық сауда кешенін салу қолға алынған. Осылайша, 2020 жылдан бастап екі қабатты 30 мың шаршы метрлік сауда орталығының құрылысы басталған. Ғимараттардан орын алу үшін 800 кәсіпкер бірігіп, Altyn Orda QazTrade LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысқа 4 млрд теңге салған. Наразылыққа шыққандардың айтуынша жаңа келген базар басшысы жаңа сауда орталығынан кәсіпкерлерге тиесілі орынды бермейміз депті. Бұл мәлімдемені Altyn Orda QazTrade LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі де қуаттады.
«Басталған құрылыстың 95 пайызы бітіп тұр. 21 сәуірден бастап базар Данияр Әлпиевтің компаниясына өтті. Ал базарды осы күнге дейін басқарып келген Altyn Orda QazTrade LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегілер күшпен қуылды. Енді ақшасын төлеп қойған кәсіпкерлерге бітуге айналған сауда кешенінен орын бермейміз деп жатыр. Мақсатымыз – сауда орнының құрылысын аяқтап, ақша салған кәсіпкерлерге тиесілі орындарын бөліп беру. Біздің осында жиналған барлық кәсіпкерлермен келісімшартымыз бар», – дейді аталған серіктестік өкілі Дәулетжан Деменбаев.
Наразылығын білдіруге жиналған саудагерлер жаңа келген қожайын жабық сауда орнынан өздеріне тиесілі орындарын бермей қоя ма деп алаңдайды. Тіпті, жиналғандардың ішінде жаңа орыннан бірнеше сауда нүктесін алуға ниеттеніп, алды 7 миллион, кейбірі 20 миллион теңгеге дейін төлеп қойғандар да бар екен.
Дегенмен базар құрылтайшылары бұл дауды сауда орнының бұрынғы басшыларының арандатушылық әрекеті деп бағалады.
«Алтын орда» базарына құрылтайшылық етуге 22 сәуірден бастап келдік. Жаңа сауда орнына ақша төлеген кәсіпкерлер алаңдамаса болады. Себебі біз осы ғимараттың қалған құрылыс жұмысын бір жарым айдың ішінде бітіреміз. Содан кейін осы кешеннен дүңгіршек алуға ақша төлеген барлық кәсіпкерлерге тиесілі орындарын береміз. Меніңше, бұл даудың артында базардың бұрынғы қожайындары тұр», – дейді базарға иелік ететін компанияның бас әкімшісі Ермек Марқабаев.
Десе де, базардың жаңа қожайындары сауда орындарын алу үшін кәсіпкерлердің қанша ақша төлегенінен хабарсыз екендігін де айтып қалды. Себебі алдыңғы компания өкілдері бұларға бірде-бір тиісті құжат қалдырмаған. Оның айтуынша, кәсіпкерлерден ғимарат құрылысы үшін ақша жинау тоқтатылған. Сауда кешені құрылысының қалған бөлігін құрылтайшылар өз қаржысына бітіреді.
Алайда базарға иелік еткісі келетіндер арасындағы дау мұнымен бітпейтін сияқты. Жақында Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС директоры Данияр Әбдіғаппаров та Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап үндеу жариялады. Базардың эск-иесінің айтуынша, «Алтын орда» базарын өзімен аттас Әлпиевтің адамдары келіп, рейдерлік жолмен тартып алған көрінеді. Әдіғаппаров өз үндеуінде Мемлекет басшысынан осы мәселенің ақ-қарасын анықтауға пәрмен беріп, араша түсуін сұраған.
«Үшінші» күштер «үлесін» алып келген
Көпшілікке белгілі және белгісіз бірнеше қожайынның арасында талас-тартыс жүріп жатқан тұста, алып сауда орнын біреулер майшелпекке айналдырып алғаны да белгілі болды. Үкіметтің ақпан айындағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы барлық жауапты орындарға осы мәселені майшаммен қарап, келеңсіздіктерді ретке келтіруді тапсырған.
«Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын Орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын», – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кейбір деректер бойынша, базардағы бағаны сатушылар мен базар әкімшілігі емес, мүлдем белгісіз «үшінші күштер» реттеп келген көрінеді. Мәселен, базарда бір келі ет қазіргі таңда 2500-2600 теңгеден сатылып жатыр. Негізінен ет қала маңайындағы жеке шаруа қожалықтарынан жеткізіледі. Бірақ етін арқалап базарға келген шаруаны ет сатушылардан бұрын делдалдар күтіп алады.
Олар шаруадан еттің әр келісін 1800 теңгеден мәжбүрлі түрде сатып алып, ет сатушыларға 2100-2200 теңгеден өткізеді екен. Яғни, арадағы 300-400 теңге әлдекімдердің қалтасына кетіп жатыр. Айналып келгенде бұл әрекет қарапайым сатып алушылардың қалтасын қағады.
Былыққа батқан базар
Мемлекет басшысы «Алтын орданың» төңірегіндегі түрлі заңсыздықтарды реттеу үшін тиісті орындарға екі ай уақыт берген болатын. Іле-шала «Сауда нарығындағы бәсекелестік туралы» заңнама талаптарына сай тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша Altyn Orda QazTrade LTD компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалған. Бұл ақпарат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сайтында жарияланды.
Агенттік парақшасындағы ресми мәліметке сенсек, Алматы облысы бойынша монополияға қарсы департамент мамандары 2022 жылғы наурызда Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС қызметіне тексеріс жүргізген. Департамент мамандары серіктестіктің монополия орнатып, бәсекелестік туралы заңнаманы бұзғанын анықтаған.
Мамыр айында Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС жөнінде әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары Алматы облысы Қарасай аудандық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
Одан соң салық орындарының тексеріс нәтижелері пайда болды. Олар келтірген дерек бойынша, Kurylys LTD ЖШС 3 жылда салықтың барлық түрі бойынша бюджетке бар-жоғы 41 млн теңге ғана төлепті. Биыл ақпан айындағы камералдық бақылау нәтижесінде компания қызметінен 298 миллион теңге салық заңнамасын бұзушылық анықталды. Осы тексерістен кейін іле-шала ұйқысынан оянған компания көрсетілген берешектің 106 млн теңгесін төлеп үлгеріпті.
Тағы бір тексерістен белгілі болғандай, серіктестік аумағындағы 44 құрылыстың 26-сын иелері рұқсат беру құжаттарынсыз, өз бетінше салып алған. Соның 7-еуі Ақсай өзенінің су қорғау аймағы шегінде салынған. Ең сорақысы, құзырлы органдар осы жердегі 17 нысанды сүру туралы актілер шығарған. Сөйте тұра, аталған нысандар күні бүгінге дейін еш кедергісіз жұмыс жасап келген.
Бір қызығы, серіктестік жергілікті атқарушы органның тиісті шешімін алмай-ақ «Алматы–Бішкек» автомобиль жолының бойында, яғни қызыл сызық шегінде ортақ пайдаланымдағы жерлерді иемденіп келген. Ол жерлерге жалпы ауданы 321 шаршы метрді құрайтын сауда дүңгіршектері заңсыз тұрғызылған. Мұның сыртында базар аумағына жалпы ауданы 1,3 гектар мемлекет меншігіндегі жер учаскесі кіріп кеткен. Бұл мәліметтерді Президент тапсырмасынан кейін тексерісті қолға алған Сауда және интеграция министрлігі жариялап отыр.
Министрлік анықтаған тағы бір дерек, базар аумағында мыңдаған адам «көлеңкелі» саудамен айналысқан. Тексеріс нәтижесінде 2 898 бизнес субъектісі тіркеуге қойылды. Сондай-ақ базар аумағында 63 ғимарат, 3 су мұнарасы,4 408 сауда орны бар екені белгілі болды. Алайда компания құзырлы орындарға берген есептері мен декларацияларында тек 11 ғимарат пен 3 600 сауда орны бар деп көрсеткен. Сол арқылы базар басшылығы 400 миллион теңге көлемінде салық төлеуден жалтарып келген.
Ол аздай, Алматы қалалық Төтенше жағдай департаменті де біраз былықтың бетін ашқан. Департамент мамандары базар аумағында өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзудың 200-ден аса дәйегін анықтапты.
Бір ғана «Алтын орда» маңайындағы осыншама мәселе Президент пәрменінен кейін басталған кешенді тексерістің нәтижесінде анықталып отыр. Мамандар мен сарапшылардың айтуынша, әйгілі базардың төңірегіндегі дау-дамай бұнымен аяқталмайтын секілді. Өйткені «Алтын орданың» арғы-бергісін қазбалау жұмыстары әлі күнге жалғасып жатқан көрінеді.