Алты отбасына пәтер кілті табыс етілді

  Арнайы бағдарлама арқылы беріліп жатқан бірінші баспана – Кахаров Марибжан, екінші пәтер – Амиркулов Дәулеткул, үшіншісі – Колесников Александр, төртінші – Шкуратько Евгения, ал бесінші баспана – Гущина Иринаға берілген болса, алтыншы пәтер – Коверин Романға бұйырды. Бұл аталған  пәтер алған отбасылардың үйі былтыр қыркүйек айында тілсіз жаудан өртеніп кеткен болатын. Жайсыз хабарды естігін, Жалпақтөбе ауылының имамы Рахматулла  Каримов баспанасыз қалған кісілерге басу айтып, үйлерін соғып беретіндігін мойнына алған. Бұрынғы баспаналары ағаштан соғылғандықтан барлығы өртеніп кеткен екен. Сондықтан, баспананы іргетасынан бастан қалау керек болған.

Ауыл имамы бұл істі аяқсыз қалдырмай, соңына дейін өзі басында болып,  ауыл  кәсіпкерлері мен демеушілердің арқасында бұл баспаналар қайтадан соғылып, қолданысқа берілуде. Әкімшілік тарапынан зардап шеккен  отбасыларға 580 мың теңгеден берілген. Бірақ, ол қаражатты мешіт жамағаттары мен демеушілер қайта соғылып жатқан үйдің құрылысына жаратпаған. Оны әр отбасына өз қажеттіліктерін алу үшін қайтарып берген.

«Жұмыла көтерген –  жүк жеңіл» – демекші, бүкіл ауыл болып, мешіт жамағаты мен кәсіпкерлер, демеушілер болып тілсіз жаудан зардап шеккен отбасыларға көмектерін аямады. Жаңа пәтердің кілтін алған отбасылардың қуанышында шек жоқ. Олар ауыл имамы мен мешіт жамағатына тағы да көмек қолын созған жандарға өз алғыстарын жаудырды.

Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі

Comments (0)
Add Comment