АҚШ азаматы Боливияның Ильимани (6 439 м) тауына шығамын деп, шыңға 200 метр қалғанда өкпесі ауырып қайтыс болды, – деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
24 жастағы Даниэль Гранберг АҚШ-тың Колорадо штатынан Кордильера-Реаль шыңына екі гидпен аттанған. Дәл сол гид мамандар альпинистің жағдайы нашарлаған кезде құтқарушыларды шақырған.
Құтқару бригадасы оқиға орнына жеткенде саяхатшы қайтыс болып кеткен. Оны төмен түсіру үшін оларға екі күн уақыт қажет болған. «Біз Даниэлді шыңның басында отырған жерінен таптық, ол тыныс алмады. Оның өкпесі мұндайға шыдамады, ары қарай тұрып жүре алмаған күйі қалып қойған», – деді құтқару операциясының басшысы Серхио Кондори Вальехос.
Төменге түскен соң Гранбергті жақын маңдағы мәйітханаға жеткізген. Қайтыс болған жігіттің анасының айтуынша, ұлының өкпесі 6,2 мың метр биіктікте істен шыққан. Тағы бір туысының айтуынша, тауға шықпастан бұрын оның басы ауырған және ентігу байқалған, алайда ол өзін жақсы сезінген.
Гранбергтің жанында болған альпинистің айтуынша, турист ең қиын әрі ұзақ жолды таңдаған.