Алматыда нормативті мерзім бойынша жылу беру маусымы 15 қазанда басталады. Бірақ күн салқындап кететіндей жағдай туындаса жылу ертерек беріледі. Бұл туралы қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Евгений Пак айтты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жылыту маусымы басталғанда әдетте ең алдымен әлеуметтік нысандарға, оның ішінде мектептер мен мектепке дейінгі оқыту нысандарына, білім беру орындарына жылу қосылады. Содан соң көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріледі. Одан кейін өзге нысандардың бәріне беріледі.
«Нормативті мерзім бойынша қалада жылу 15 қазанда беріледі. Алайда егер ауаның орташа тәуліктік температурасы 5 күн қатарынан +8 градус және одан төмен болса, 15 қазанды күтпейміз. Күн күрт суып кеткен жағдайда бірден жылу қосамыз», – деді Евгений Пак.
Басқарма басшысы қала жылыту маусымына 100% дайын екенін атап өтті.