Алматыда жоқ пәтерді 9 адамға жалға берген алаяқ ұсталды. Ол жалға беру туралы хабарламаны танымал интернет-сервиске жариялап, алдын ала төлем алып отырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.
48 жастағы А. есімді азамат Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген. Алаяққа алданған бірнеше тұрғын полицияға арыз түсірген. Барлығының оқиғасы бірдей.
“Пәтер жалдауға тырысқан азаматтар танымал интернет-сервистен хабарландыруларды іздеді. Нарықтағы бағадан төмен бағаны көріп, хабарландыруға телефон соққан. “Үй иесінің” бірден-бір шарты – алдын ала төлем беру немесе тұру үшін толық соманы төлеу болды. Клиенттердің көптігін және пәтерге бірінші болып ақша төлеген адамға берілетіндігін айтып өз әрекетін негіздеді. Кәсіпкер азамат ақшаны алғаннан кейін бірден байланысқа шығуын тоқтатып, ұялы телефон нөмірін ауыстырған”, – дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Алматы қаласы Криминалдық полиция басқармасы мен Алмалы аудандық Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің қызметкерлерімен күдікті қамауға алынды. Алмалы аудандық Полиция басқармасында алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Іс жүргізу барысында оның осыған ұқсас 9 эпизодқа қатысы бар екендігі анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 530 мың теңгені құрайды.
“Тергеу кезеңінде ұсталған адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша тергеу шаралары жүргізілуде”, – деді Қуатбек Науатов.