Алматыда автокөлік жүргізушісі қарияны таяқпен ұрып-соққан (ВИДЕО)

Instagram әлеуметтік желісінде ер адамның көлігінен түсіп, жол бойында тұрған қарт адамды таяқпен ұрып жатқан видео пайда болды, деп жазды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Видеодан жас жігіттің аялдамада тұрған қарияға қоқан-лоқы көрсетіп, екі рет таяқпен ұрғанын көруге болады. Бір атап өтерлігі, кадрда күдіктінің түрі де, көлігінің номірі де анық көрінеді. Яғни, полицейлерге бұл бұзақыны табу еш қиындық тудырмауы тиіс.

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов бұл факт бойынша полицейлер тексеру бастағанын айтты.

«Қазіргі уақытта бұлтартпау жазасын қолдана отырып, тергеу басқармасы мен қалалық полиция департаменті Криминалдық полиция қызметкерлері бірлесіп, күдіктіні ұстау бойынша шаралар қабылдап жатыр. Тексерудің барысы мен нәтижелері Алматы қаласының ПД бақылауында. Құқықбұзушыға қабылданған шаралар туралы ақпарат қосымша хабарланады», – деді Рустам Әбдірахманов.

Comments (0)
Add Comment