Алматыдағы көп балалы отбасының мүшесі 10 жастағы Қаулы Жұмағазы велосипедтен құлап, оң жақ денесі сал боп қалған. Отбасы ұлдарының еміне қаражат керек деп дабыл қағып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме беріп хабарлайды.
10 жасар Каулы мамыр айының соңында велосипедті басқара алмай, үлкен жылдамдықпен шам бағанасына соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, бала бас сүйегінің төбесіне зақым алған. Ауруханада оған тігіс салынып, үйіне қайтарылған. Көп ұзамай оның жағдайы күрт нашарлаған.
«8 күннен кейін оның тігісін алып тастады. Ауруханаға бірнеше рет келдік, жағдайы нашарлаған соң. Дәрігерлер бәрі жақсы болады, тек уақыт керек деп сендірді. Бірақ тағы бір аптадан кейін балам адам танымастай өзгерді. Сөйлей алмай қалды, бір қолы-аяғы сал болып қалды», – деді баланың әкесі Жұмағазы Баратбай.
Баланың басында қан ұйып қалған не қан тамырлары жарылған деген күдік бар. Бірақ нақтылау үшін жоғары білікті мамандарға жүгіну керек. Оған сәйкесінше қомақты қаражат қажет.
«Ұлыма жақсы невропатолог керек. Басында ісік бар ма, әлде миына қан құйылған шығар, білмеймін. Алматыдағы немесе астанадағы жақсы ауруханаға жатқанын қалаймын», – дейді Жұмағазы Баратбай.
Жұмағазы отбасында Қауладан бөлек кәмелетке толмаған тағы үш бала тәрбиеленуде. Олар Қытайдан Алматыға 3 жыл бұрын көшіп келген. Көп балалы отбасының жеке баспанаға қаражаты жоқ, жалғыз асыраушылары әкелері құрылыста жұмыс істейді. Шетелде емделу үшін жоқ дегенде шамамен он миллион теңге қажет. Қауланың ата-анасы қайырымды жандардың көмегімен бұл соманы жинаймыз деп үміттеніп отыр.