Алматы облысында танымал ішімдік маркалары қолдан жасалып сатылған

Алматы облысының Боралдай ауылында танымал брендтердің арақтары қолдан жасалғаны белгілі болды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бұрын сотталған 1980 жылы туған азаматтың қолдан алкоголь өнімін жасауының жолын кесті», – делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, Боралдай ауылының тұрғыны «Хаома», «Хортица», «Беленкая», «Талка» маркалы алкогольдік сусындарды рұқсатсыз және жалған есепке алу-бақылау штамптарын пайдаланып шығарған.

Тінту кезінде 11500 акциздік марка, 110 литр спирті бар заттар, 120 бөтелке бланкілер, станок, алкогольдік жапсырмалар, контрафактілік алкоголь өнімдерін жасауға арналған басқа да заттар тәркіленді.

Аталған факті бойынша агенттік сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Comments (0)
Add Comment