Алматы облысы Ават ауылында 46 жастағы мектеп директорының асылып тұрған денесі қорадан табылды, -деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде жарияланды. Жазбаға сәйкес, көз жұмған Азизжан Дараев 2011 жылдан бері Г. Садвакасов атындағы мектепте жұмыс істеген. Оның артында үш баласы қалды. Ауыл тұрғындары мектеп директорының парасатты адам болғанын айтады. Сөздерінше, оның өлім себептерін жіті тексеру керек.
“Қол астындағы қызметкері мен білім ошағының басшысының арасында жанжал болған. Мектепте құйтырқы әрекеттерге барған үшін педагог жұмыстан шығарылған. Десек те әлгі қызметкер сот арқылы қайта оралып, директорға қоқан-лоққы көрсеткен. Соттың барлық инстанциялары арқылы шағым түсірген”, – делінген жазбада.
Оқиға бойынша облыстық ПД өкілдері пікір білдірді. Қазіргі таңда мектеп директорының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары жүргізілуде. Марқұмның мұндай әрекетке не себепті барғаны анықталуда.