Алматы іргесінің тұрғындары жаңа көп қабатты үйдің құрылысына наразы

Алматы қаласындағы Наурызбай ауданына қарасты Қарғалы ықшамауданының тұрғындары бас көтерді. Жергілікті халықтың айтуларынша, аталған аумақта құрылыс жүргізіп жатқан ұйым заңды белден басып келеді. Тұрғындардың шағымын Stan.kz тілшісі тыңдап қайтқан еді.

Алматылықтардың айтуынша, жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысына ары-бері қатынайтын жүк көліктері аймақтағы Үшқоңыр көшесіне айтарлықтай залал келтіріп отыр екен. Жолды «Аспан тау ауылы», «Үшқоңыр», «Кристал Эйр» коттеджді қалашықтарының тұрғындары бірлесе отырып өз қаражаттарына жасатыпты.

“Үшқоңыр көшесінің бойында жүк көлігінің қозғалысына тыйым салынатындығын көрсетіп тұрған арнайы белгі қойылған. Бірақ құрылыс жүргізуші компания мұны назарға алар емес. Екі жылдан бері осы мәселе бойынша талай құзырлы орындарға барып, табанымыздан тоздық. Бірақ құрылыс компаниясына ешқандай шара қолданылмай отыр. Қазірдің өзінде көше бойымен жаяу жүргіншінің өзі әрең жүреді. Ал алдағы уақытта тұрғын үй кешені пайдалануға берілетін болса, мәселе одан әрі ушығайын деп тұр. Себебі жаңа кешен тұрғындары үшін жол мәселесі қарастырылмаған”, – дейді Үшқоңыр көшесінің тұрғыны Айгүл Жағыпарова.

Мердігер ұйым туғызып отырған мәселелер мұнымен шектелмейді. Компания салып жатқан “Lancashire клубты үй кешенінің” биіктігі де талапқа сай емес, дейді наразы жұрт.

“Алматы қаласы бойынша Әл-Фараби даңғылынан жоғары жерлер үшін бекітілген стандарттарға сәйкес биіктік жер деңгейінен 12 метрден аспауы тиіс. Көзбен және математикалық тәсілмен есептегенде олардың ғимаратының биіктігі айтарлықтай жоғары. Біз бірнеше рет салынып жатқан ғимараттардың биіктігін өлшеуді талап етіп, сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жүгінгенбіз. Бірақ біздің талабымыз орындалған жоқ. Сонда бұл кешен жақын маңдағы барлық үйлердің төбесінен қарап тұрмақ па? Бұл қисынға келмейді”, –  деп өз ренішін білдірді тұрғын Татьяна Ан.

Сондай-ақ көшедегі электр желісі орналасқан жер телімі құрылыс жүргізуші компанияның меншігінде. Компания электр желісін көмуге міндеттелгенімен, бұл талапты орындамапты. Қандай да бір апатты жағдай орын алатын болса, бұл тұрғындар өміріне қауіп төндіретіндігін айтады жергілікті жұрт.

Жергілікті халықтың айтуынша, қарқынды жүріп жатқан құрылыс бір сәтке де тыным алмайды екен. Тіпті, түнгі уақытта да. Тым құрығанда түнгі уақытта дұрыс демала алмай жүрген халықтың «K7 Group» холдингіне өкпесі қара қазандай. Жоғарыда орын алған заң бұзушылықтарға шара қолданылуын талап етеді.

Халықтың бар үміті ендігі жерде – қалалық әкімдікте. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев төмендегі талаптарды орындауға ықпал етсе екен дейді.

“Біріншіден, «Аспан тау ауылы», «Үшқоңыр», «Кристал Эйр» коттеджді қалашықтары мен “Lancashire клубты үй кешенінің» іргелес жатқан жолдарын диагностикалау және паспорттау жұмыстары мен техникалық қадағалау жүргізілсе екен дейміз. Екіншіден, құрылыс жүргізуші  «K7 Group» холдингі Үшқоңыр көшесін қалпына келтіруін, одан әрі көшені пайдалануды тоқтатуын сұраймыз. Жаңа кешеннің болашақ тұрғындары үшін  басқа айналма жолдар беруге міндеттелсін. Үшіншіден, “Lancashire клубты үй кешені қолданыстағы заңнама нормаларын бұза отырып салынған және рұқсат құжаттары болмаған жағдайда құрылыс жүргізуші компанияны жоғары қабаттарды бұзуға міндеттеу керек”, – дейді жергілікті жұрт.

Айтылған мәселелер бойынша «K7 Group» холдингінің Заң және өндірістік бөлімі пікір білдірді.

“Lancashire клубты үй кешені жобасының құрылысы 2021 жылдан бастап әзірленген жобалық құжаттамаға сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдейміз. Аталмыш жоба тиісті сараптамадан және мемлекеттік органдардың мақұлдауынан өткен. Жол мәселесі бойынша  «K7 Group» компаниясының арнайы құрылыс техникасының қозғалысына байланысты «Lancashire» нысанындағы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жол арнайы тексерістен өткізіліп, қалпына келтіріледі. Электр желілерін жер астына көшіруге байланысты тиісті жұмыстарды жүргізу жоспарда тұр. Асфальт төселіп, іргелес жолды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі уақытта құрылыс нысанында шулы жұмыстар аяқталды. Сағат 20.00-ден кейін нысандарда құрылыс жүргізілмейді. Сенбі күні құрылысшылар сағат 14.00-ге дейін жұмыс істесе, жексенбі күні бүкіл ұжым демалады”, – деді ұйым өкілдері.

Comments (0)
Add Comment