Тараз қаласында жыл сайын жүргізілетін құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылғы 68,1 млрд. теңгеден 2025 жылға қарай 80,1 млрд. теңгеге дейін артады. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков мәлімдеді.
– Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштерді орындау үшін бюджет қаражаты есебінен жыл сайын 50-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 11 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бұдан бөлек, 2023-2025 жылдар аралығында жалпы құны 58,1 млрд. теңгеге 14 мектеп салынбақ. Сондай-ақ 2025 жылға дейін 15-ші мөлтек ауданнан оқушылар сарайы бөй көтереді екен. Осы жұмыстардың нәтижесінде 12 мыңнан астам баланың заманауи білім алуына жағдай жасалмақ.
Сонымен қатар, алдағы үш жылда 6,4 млрд. теңгеге 19 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал 24 мектеп жалпы құны 224,1 млн. теңгеге ағымдағы жөндеуден өтпек.
– Алдағы 3 жылдың ішінде жеке кәсіпкерлер тарапынан 11 балабақшаның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Ол үшін қажетті жер телімдері белгіленді. Сондай-ақ, 784,6 миллион теңгеге 3 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 164,6 миллион теңгеге 3 балабақша ағымдағы жөндеуден өтеді, – деді шаһар басшысы өз баяндамасында.