Альбинизм (реңсіздік) – латын тілінен аударғанда «ақ» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтқанда, рецессивті генге байланысты ағзаның өзіне тән түсінің жоғалуынан туындайтын ерекше ауру түрі. Бір қызығы, бұл аурумен тек адамдар ғана ауырмайды. Сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктерде де кездеседі. Яғни өсімдіктердің түсі жартылай жасыл, болмаса толық түрде жасыл болуымен ажыратылады. Ал жануарларда терісі және жүндері бозғылт тартып тұрады.
Альбинизммен ауыратын науқастың ағзасы «альбинос» деп аталады. Бұл ауруға шалдыққан адамның көзі, қасы, шашы, түгі, терісі өзгелерге қарағанда мүлдем басқа түсте болады.
Дәрігерлердің айтуынша, альбинизм ауруы тұқым қуалайтын көрінеді. Сонымен қатар көру мүмкіндіктері өте төмен болып, терісіндегі өзгерістен бөлек, денесіне түрлі дақтар шығуы мүмкін.
Бүгінгі күнге дейін дертке қарсы нақты ем-дом қарастырылмаған. Алайда науқастың өмір сүру сапасын жақсартуға түрлі жағдайлар жасалынған. Яғни бұл аурумен ауыратын емделушілер дерматолог пен офтальмологтың кеңесіне үнемі жүгініп отыруы тиіс. Себебі ауру асқынып, терінің қатерлі ісігі және торлы қабықтың бөлінуі сияқты екінші ауру түрі пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар күннен қорғайтын көзілдірік тағып, теріге арналған арнайы кремдерді жағып жүру керек.
Психологтардың айтуынша, ауруға шалдыққан адамдардың ішінде жаратылысындағы өзгеріске байланысты қоршаған ортадан оқшауланып қалатындар жиі кездеседі екен. Сол үшін алғашқы уақыттан бастап баламен сөйлесіп, ауруға қарсы түсіндірме жұмысын жүргізіп, оның ерекше бала екенін ұғындыру керек.
«Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең» демекші, бастысы – сыртқы беттің сұлулығы емес, денсаулықтың мықты болуы. Альбинизммен ауыратын адамдардың да өзіндік сұлулығы мен тартымдылығы болады. Сондықтан да келбеттің ерекшелігіне бола сыртқы ортадан оқшауланып қалуға болмайды.
Аида Мустафина, облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы