Алаяқтардың арбауына түспеңіз!

Хәкім Абай бес дұшпанның біріне жатқызған «өтірік» дейтін жағымсыз қасиетті бойына сіңіріп, алаяқтықпен адам арбаушылар соңғы уақытта тым көбейіп кеткені жасырын емес. Олар түрлі жолмен айласын асырып, талай жанның қалтасын қағып, сан соқтырып кетіп жүргенін естіп те, көріп те жүрміз. Мұндай алаяқтық фактілерді ауыздықтау үшін кім көрінгенге сенім білдірмей, барынша сақ болған жөн.

Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыста 692 алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға төмен. Қазіргі таңда облыстық полиция департаментінде осы санаттағы қылмыстарды ашумен айналысатын тергеу және криминалдық полиция қызметкерлері қатарынан құрылған арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Тоқсан сайын «Абайлаңыз, алаяқтар!», «Алаяқ» және басқа да осындай қылмыстың алдын алуға қатысты жедел- профилактикалық іс- шаралар жүргізілуде.

Халық арасында алаяқтық тәсілдері мен түрлері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да ұдайы жүзеге асырылуда. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы азаматтарға алаяқтықтың негізгі түрлері туралы ескертетін арнайы бейнероликтер, бүктемелер мен брошюралар тұрақты түрде таратылады.

Сонымен қатар, сақтық шаралары туралы арнайы дайындалған аудиожазбалар адамдар көп жиналатын орындарда, яғни сауда үйлерінде, базарларда, қоғамдық көлікте патрульдік полиция батальондары қызметкерлерінің қызметтік автомашиналарының ойнатқыштары мен дауыс зорайтқыштары арқылы берілуде.
Тоқсан сайын екінші деңгейдегі банктердің өкілдерімен жұмыс кездесулері өткізілуде, онда заңсыз онлайн түрінде берілетін несие ресімдеудің жолын кесу бойынша бірқатар ұсыныстар дайындалды.

Ерекше ескерте кетерлігі, алаяқтық факторлар байқаған жағдайда, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген абзал. Қазіргі қоғамда оңай ақшаға кенелгісі келген адамдар алаяқтықтың түрлі жолын ойлап табуда. Сондықтан мол олжаға кенелемін деп жүріп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау қажет.

Гүлсара Мұхтарқұлова, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы

Comments (0)
Add Comment