Алаш жұрттың астаналары

Төреге төрін берген қазақтың басынан не өтпеді дейсіз?! Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманда да қазақ өзін сақтап қалды. Жауының басын да ардақтап алтын сапты қылышпен кескен осы бір көшпенді ұлттың тарихы шынымен де алтын шынжырдай жалғасып келе жатыр. Қазақ көшпенді ғана болып қалған жоқ, билеушілерінің арасында отырықшылықты дәріптеп, қала салдырғандары да болды. Бүгінгі астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының бой көтеруі де арғы-бергі тарихтың түйіскен тұсын білдірсе керек. Егемен елдің қолымен соғылған алғашқы астанасының айбыны асқақтауға хақы бар, әрине. Ендеше, біз бұған дейінгі қазақ баласының астана қылған тарихына да қысқаша шолу жасап, ары қарай тәуелсіз елдің астанасы туралы тоқталатын боламыз.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

XV ғасырдың орта тұсында, 1456-1457 жылдары Дешті-Қыпшақ даласындағы Шайбани мемлекетінің тізгінін Әбілқайыр хан қолына алады. Осы кезде қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек өз алдына отау тігіп, орда құруды мақсат тұтып, бөлінуді қалайды. Алайда Әбілқайырға бұл ұнамайды. Ақыры алаштың қос арланы артына ерген елді тәуелсіздіктің, еркіндіктің жолымен бастап, іргесін бөліп, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне келіп табан тірейді. Сөйтіп, үлкен және кіші сұлтандар бірлесіп Қозыбасы тауының маңынан Шар қаласын салдырады. Шар қаласы Қазақ хандығының толыққанды мемлекет болып қалыптасуына негіз болған бірінші мекен болатын. Міне, бұл қазіргі қазақтың тәуелсіз астанасының алғашқы іргетасының қалануы еді.

Шар қаласында Керей мен Жәнібек хандар бекініс салып, мемлекеттің алғашқы құрылымын жасақтап, әбден ірге бекітіп, елдік құрылымға көтерілген соң, Керей мен Жәнібек хандар Қазақ мемлекетін құрып, астанасын Созақ деп жариялайды. Қаратау, Мойынқұм, Бетпақдаламен шектесіп жатқан көне Созақ қаласы алғашқы астанасы болады. Кейін XV ғасырдың 80-жылдары (1480-1511) Бұрындық хан (Керей ханның ұлы) билікке келіп, астанасын Шар қаласынан кейінгі Сығанақ қаласына ауыстырады. Яғни Қаратаудың теріскей бетіндегі Созақтан таудың күнгей бетіндегі Сығанақ қаласына ауыстырады. Қаланың орны қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Төменарық тау жыныстарының солтүстік-батысына қарай 10 шақырым жерде орналасқан. Сол кезде Сығанақ халқының өзі 7 мыңнан асқан екен. Ал «Хан ауысады, халық қалады» дегендей, кейін 1511-1523 жылдары Қасым хан ел астанасын Сығанақтан Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарайшыққа көшіреді. Міне, бұл кезеңде Сарайшық қаласы Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан стратегиялық жағынан маңызды қала еді. Сөйтіп, Сарайшық жерінде жеті ханның сүйегі жерленеді. Олар: Мөңке темір (1266-1282), Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312), Жәнібек (1343-1353), Әмір Оқас (1440 -1447), Қасым хан (1511-1518), Ших Мамай (1549-1554), Жүсіп хан ( 1549-1554).
Ал 1599-1729 жылдары таққа таластардан кейін 1582 жылы таққа отырған Тәуекел ханның тұсында қазақта тұрақты астана қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан 170 км қашықтықта орналасқан Түркістан болады. Тарихшылар Түркістан қаласы Есімнен кейін 200 жыл Қазақ хандығының астанасы болғандығын да жиі айтады. Олай дейтіні, 1642 жылы Жәнібек ханнан кейін Салқам Жәңгір хан (1642-1652), Жәңгірден соң Батыр хан (1652-1680), Батырдан кейін Тәуке хан, одан кейін орнына отырған Қайып (1715), Болат (1719), Болат ханнан кейін Әбілмәмбет (1731-1771) те осы Түркістанда хандық құрады. 1771 жылы Әбілмәмбет ханның өлімінен кейін Абылай хан Түркістанда үш жүздің ханы болады. Бірақ Ресей патшасы қазақ ханының хан ордасын орыс шекарасына жақын Қызылжарға салдырады. Абылай ондағы ордасын тек Ресеймен арасындағы ынтымақтастық байланыстар үшін ғана пайдаланды. Іргесін Түркістаннан бөлмейді. Абылай ханның өлімінен кейін оның ұрпақтары әр өңірде жеке-дара билік жүргізді. Міне, сол дәуірдің өзінде 10 мыңға жуық тұрғыны бар Түркістан бүгінде күллі түркілердің қазаны қайнайтын қалаға айналды.

Хандық жүйесі Кенесарымен аяқталған осы бір көшпенді халықтың 1917 жылы жаңа тарихы басталады. Дәл осы кезде Алашорда өкіметі өзінің астанасы етіп Семей қаласын бекітті. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы өкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланады. Қазақ елінің өкіметі аталған Алашорданы 1920 жылы тарату туралы шешім қабылданып, ұлт зиялылары Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер мен Әлихан Бөкейхановтың ұлттық автономия құрамыз деген сөзіне Кремль келіспей, 1920 жылғы қазанның 4-інде Орынборда Қазақ (Қырғыз) АКСР Кеңестерінің І құрылтайы өтеді. Онда Жоғарғы өкімет органдарын, Республикалық Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесін сайлап, құрылтайда Қазақ автономиясын құру туралы шешім шығып, оның орталығы Орынбор қаласы болып бекітіледі. Сөйтіп, Орынбор тұрғындарының басым бөлігі орыстар болғандықтан және еліміздің бір шетінде, алыс шалғайда орналасқандықтан, 1924 жылы Қазақ автономиялы әкімгершілік территориясын межелеу барысында елдің астанасын Орынбордан көшіру туралы мәселе қаралды.

Ақыры 1925 жылы Қазақ Орталық Атқару комитеті астананы Орынбордан (Қызылорда) Ақмешітке көшіру туралы шешім қабылдап, қазақилықтың исі бұрқырап тұрғанмен, климаты жайсыз, құрғақ болғандықтан, 1927 жылы қаланы Қызылордадан көшіру туралы шешімге қол қойылып, қаулы шығады. 1929 жылы жазда пайдалануға берілген теміржолдың арқасында Қызылордадан астана Алматыға көшіріледі.

1991 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, тәуелсіз елдің тарихының жаңа парағы ашылады. 1997 жылы 20 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялады. Сөйтіп, 1998 жылдың 6 мамыры күні Елбасының Жарлығымен ҚР-ның астанасы Ақмола қаласының аты Астана қаласы болып аталды. Ал оның Астана ретінде ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді де, 2006 жылдан бастап шілденің 6-сы Елорда күні ретінде атап өтіліп келеді. Содан бері батыс пен шығыстың тұтастығын, тыныштығын сақтауға бар күшін салып келе жатқан Астанамыз аса шапшаң қарқынмен дамып келеді және оның келешегі зор. Осы бір қазақтың киелі шаңырағы болған Астанамыздың атауы 2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Елбасы Н.Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

Енді ғана толысып, күннен-күнге көркейіп келе жатқан қазақтың астанасы Нұр-Сұлтан қаласы бүгін әлемнің ұйытқысына айналуға күш салуда. Бейбіт келісімдер мен айтулы мерекелер де сол жерде өтуде. 2017 жылы ЭКСПО өткізіп, әлем басшыларының басын бір жерге жиды. Кеше ғана Абылай үш жүздің басын жиған жерде бүгін төрткүл дүниенің басы жиналып жатса, әрине, елдің мерейінің өскені.

– Менің отбасылық тарихым елордамен байланысты. Олай дейтінім, 1997-жылдары қиын кезең еді. Бір жерден бір жерге көшу емес, барып келудің өзі мұң болатын. Дәл сондай кезеңде елордамыз Алатаудың бауырынан Сарыарқаның төсіне көшті. Ол кезде мен жұмыссыз едім, кейін жолдастарым құрылыс жұмысшысы керек деген соң, мен де елорданың бір кірпішін болса да қаласайын деп Арқаға ат басын бұрдым. Содан осында қалып кеттім. Ұлдарым да, қыздарым да осында дүниеге келді. Нұр-Сұлтан қаласы – менің болашағым, бала-шағам өсіп-өнген қала. Сондықтан маған бұл жердің әрбір тасына дейін қымбат, – дейді Қамит Мүсілім.

– Мен алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласына ЭКСПО кезінде келдім. Мені қаланың келбеті өзіне айрықша тартты. Сол жылы мен ҰБТ тапсырған болатынмын. Кейін осында оқуға түстім. Астана деген атауы Нұр-Сұлтан деп аталған аралықта менің болашағымның жолы басталды деп ырымдаймын өзім, – дейді Сұлужан Жанғалиқызы.

Иә, көркін көріп күн батпай, ажарын көріп ай батпай қалатын көрікті елордамыздың орталығындағы Бәйтерек – күллі алаштың символы. Сол Бәйтеректің саясында әлі талай әлемдік жиналыстар мен күрделі мәселелер талқыға түсетіні белгілі. Алаш елі алып бәйтерек сияқты алыс пен жақынның бәріне саясын түсіріп, тамырын тым тереңге тарта беретіні анық.

Comments (0)
Add Comment