Алаш рухын асқақтатты

Таразда аралас жекпе-жектен тұңғыш рет «Alash Pride» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен халықаралық турнир өтті. Тартысты бәсекеге Орта Азияның 6 мемлекетінен спортшылар қатысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Қалыптасқан дәстүр бойынша турнирден бір күн бұрын салмақ өлшеу рәсімі ұйымдастырылды. Бүгінде Әулиеата топырағында ММА додаларында топ жарып жүрген талабы зор спортшылар баршылық. Олардың қатарында «Alash Pride» клубының өкілі Ермек Тлауов, Евгений Егембердиев, «Гладиатор» клубынан Асхат Акимов, Дархан Әділбеков сынды есімдер бар.Салмақ өлшеу рәсімінде спортшылардың 11 жұбы бір-бірімен бетпе-бет келіп, көз түйістіріп, сайысқа дайындықтарын көрсетті. Рәсімді ТМД және Ресей бойынша ең үздік ринг хабарлаушысы Александр Загорский жүргізді. Шарадан соң баспасөз конференциясы өтіп, ұйымдастырушылар мен додаға қатысушылар БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Тараздық Ермек Тлауов пен беларустық Иван Жвирбля арасындағы тартыс кештің ең басты жекпе-жегі болмақ. Жиын барысында қос спортшы да өздерінің дайындықтары жоғары екенін айтты. Өз елінің «Top Team Belarus» клубының атынан аламанға түсіп жатқан Иван тараздықтар өзін жылы қарсы алғанын айтады.
–Қарсыласымның мықты тұстарын толық зерттедім. Алайда бәрі турнирде белгілі болады. Мен әрдайым тәжірибелі спортшылармен кездесуді діттеймін. Ермек Тлауов – маған барлық жағынан жақсы қарсылас. Осы күнге дейінгі жеке рекорды мақтауға тұрарлық. Сол себепті мен оны құрметтеймін, – деді спортшы.

Ермек Тлауовтың қарсыласына қарағанда тәжірибесі мол. Кәсіби мансабында ол 19 кездесу өткізіп, 14-інде жеңіске жеткен. Сондай-ақ Ермек «ARLAN GREP», «FIGHT NIGHT», «АСВ-2014», «TECH KREEP Краснодар-2015», «Alash Pride & APRP» турнирлерінің жеңімпазы.
– Біз бұл жекпе-жек кешін көп күттік. Осы турнирден кейін Тараз қаласында спортқа бет бұрып, ММА додаларында топ жаратын жаңа есімдердің пайда боларына сенімдімін. Өзім кездесуге Алматыда дайындалдым. Қарсыласым – жұдырықтасудың шебері. Жерлестерімді жерге қаратпау үшін барымды салатын боламын, – деді тараздық спортшы.

Тараздық Ермек Тлауов пен беларустық Иван Жвирбля арасындағы тартыс кештің ең басты жекпе-жегі болмақ. Жиын барысында қос спортшы да өздерінің дайындықтары жоғары екенін айтты. Өз елінің «Top Team Belarus» клубының атынан аламанға түсіп жатқан Иван тараздықтар өзін жылы қарсы алғанын айтады.
–Қарсыласымның мықты тұстарын толық зерттедім. Алайда бәрі турнирде белгілі болады. Мен әрдайым тәжірибелі спортшылармен кездесуді діттеймін. Ермек Тлауов – маған барлық жағынан жақсы қарсылас. Осы күнге дейінгі жеке рекорды мақтауға тұрарлық. Сол себепті мен оны құрметтеймін, – деді спортшы.

Ермек Тлауовтың қарсыласына қарағанда тәжірибесі мол. Кәсіби мансабында ол 19 кездесу өткізіп, 14-інде жеңіске жеткен. Сондай-ақ Ермек «ARLAN GREP», «FIGHT NIGHT», «АСВ-2014», «TECH KREEP Краснодар-2015», «Alash Pride & APRP» турнирлерінің жеңімпазы.
– Біз бұл жекпе-жек кешін көп күттік. Осы турнирден кейін Тараз қаласында спортқа бет бұрып, ММА додаларында топ жаратын жаңа есімдердің пайда боларына сенімдімін. Өзім кездесуге Алматыда дайындалдым. Қарсыласым – жұдырықтасудың шебері. Жерлестерімді жерге қаратпау үшін барымды салатын боламын, – деді тараздық спортшы.

Андеркарт

Турнир «Тараз-Арена» спорт сарайында өтті. Ең бірінші болып 61,2 келі салмақ дәрежесінде әулиеаталық «Гладитор» клубының спортшысы Мұқағали Несіпбай өзбекстандық Фарух Файзиевпен айқасты. Осыған дейін 2 кездесу өткізіп, оның бірінде қарсыласымен тең түскен Мұқағали жекпе-жектен әлем және Қазақстан чемпионы.

ММА-дағы екінші жылында бұл оның өткізіп жатқан 3-ші кездесуі. Ал қарсыласы Фарух бокс пен қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы. Алғашқы раундта қазақстандық файтер басым түсті. Қарсыласын бірінші минуттарда партерге түсірген Мұқағалидің кездесуді алғашқы раундта тәмамдауға мүмкіндігі болды. Алайда гонг соғылып, өзбекстандық спортшы қауіптен аман қалды. Дегенмен екінші раундта Фарухтың жолы болмай, 3-ші минутта жерлесіміз қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Осыған дейін 6 кездесу өткізіп, 4 қарсыласын уақытынан бұрын тізе бүктірген Олжас Есқараев бұл жолы да жеңісті жолын тағы бір кездесумен толықтырды. Ол қарсыласы өзбекстандық Элдор Эроновтан алғашқы раундтың аяқталуына 40 секунд қалғанда қылқындыру әдісімен басым түсті. Ал «Гладиатор» клубының мүшесі Рауан Бекболат пен ресейлік «РАТЬ & EXCLUSIVE» клубының спортшысы Александр Володинге қарсы шығып, бірінші раундтың 2-минутында жеңіліс тапты. Рауан осыған дейін 2 кездесу өткізіп, екеуінде де қарсыласымен тең түскен. Өзінің жастығына қарамастан, бұл ұрыста ол тәжірибелі спортшыға қарсы тегеурінін көрсете білді деуге толық негіз бар.

Өз кезегінде октагонда жеңіске жеткен ресейлік Александр Володин тараздықтарға алғыс білдіріп, қарсыласына құрмет көрсетті. Келесі жекпе-жекте түсініксіз жағдайлармен октагонға қазақстандық Бағлан Сәрекеновке қарсы өзбекстандық Шохжахон Абдулхамидовтің орнына Мираваз Миржалолов шықты. Бұл өзбек спортшысының кәсіби мансабындағы алғашқы кездесуі екені белгілі болды. Осыған дейін 65,8 келіде 4 кездесу өткізіп, жеңіліп көрмеген Бағлан алғашқы раундта қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, басым түсті.

Октагонға келесі болып ресейлік спортшылар Жабраил Индорбаев пен Серік Разгалиев көтерілді. Бұл кездесу осы ММА кешіндегі ең ұзақ жекпе-жек болды. Айта кететін жайт, Серік Астрахань қаласының этникалық қазағы. Бұл турнирде ол Қазақстанның туын желбіретіп шықты. Тартысты әдістер мен тосын тәсілдерге толы болған айқаста төрешілердің шешімімен Жабраил Индорбаев жеңіс тұғырынан көрінді.


– Кездесу өте күрделі болды. Қарсыласым физикалық жағынан да, техникалық тұрғыдан да мықты болып шықты. Өзіме біршама соққылар дарытып алдым. Октагонға үлкен үмітпен көтерілдім. Көріп отырғандарыңыздай, жеңіске жеттім. Қазақстанда ММА жақсы дамып келе жатыр. Маған Тараздың халқы қатты ұнады. Өте қонақжай екен. Осы қалада тағы да үлкен дәрежедегі турнирлер өтетін болса, міндетті түрде келіп өнер көрсетуге дайынмын, – деді жеңімпаз.

Айырқалпақты ағайындардың үмітін арқалап келген Бостон «Alash Pride»клубының өкілі Руслан Сариевпен айқасты. 57 келіде бақ сынасқан қос спортшы үшін де алғашқы раунд қауіпті сәттерге толы болды.

Екінші раундта қарсыластар бір-біріне ауыр соққылар дарытып, Руслан Бостон Анарбаевты қан жоса етті. Үшінші раунд осы қарқында өтіп, қырғыз спортшысы октагон торын жармасып, жібермегені үшін сары карта алды. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған жекпе-жекте төрешілердің шешімімен қазақстандық спортшы жеңімпаз атанды. Кәсіби мансабында 8 кездесу өткізіп, мүлде жеңілмеген Руслан Сариев өзін қолдап келген жақындарына жылы лебізін білдірді.

– Кездесуге жарақатпен шыққандықтан, бар мүмкіндігімді толық көрсете алған жоқпын. Келешекте қызықты жекпе-жектер өткізіп, баршаңызды жеңістеріммен қуантатын боламын, – деді спортшы.
Осындай жеңіспен андеркарт кездесулер аяқталып, турнирдің негізгі жекпе-жектері басталды.

Негізгі карт

Бұдан әрі октагонға 80 келіде айқасатын Түркиядан келген Кутлухан Соргамес пен Ғалымжан Қанаев көтерілді. Төбелестің К1 жүйесі бойынша Азия чемпионы атанған қазақстандық спортшы бұл кездесуде чемпиондық белбеуін қорғап қалды. Түркиядан келген Кутлухан Ғалымжанның жойқын жұдырықтарына төтеп беріп, арасында тепе-теңдік ұстай алмай құлап, жеңіліс тапты.

– Жекпе-жек ауыр болды. Жоспарлаған әдістерді толық қолдана алмадым. Кейде қателестім. Бүгінгі кездесу мен үшін сабақ болды. Осы жайттардың біріне қарамастан, жеңімпаз атандым. Қолдаушыларыма алғыс айтамын,– деді Ғалымжан Қанаев.
Көрермендерді көп күттірген келесі жекпе-жек қырғыз спортшысы Ариет Бекшиев пен қазақстандық Санжар Әділовтің арасында өрбіді. Жанкүйерлерге бұл жекпе-жектің 2017 жылдан бері сәті түспей жүргені белгілі. Хабиб Нурмагомедовтің командасында жаттығу өткізіп келген Санжар қарсыласымен толық 3 раунд бойы айқасып, төрешілер шешімімен тең түсті.

Қырғыз Республикасынан келген тағы бір спортшы Эрлан Улукбеков ресейлік Илья Варламскийге қарсы шықты. Сегізбұрышта сенімді айқас көрсете алмаған қос спортшы алғашында бір-біріне шабуыл жасайтын сәтті таба алмай сенделіп жүріп алды. Соңғы раундта ғана белсенді қимылдап, бір-біріне ауыр соққылар дарытты. Төрешілер шешімі бойынша бұл айқаста ресейлік Илья Варламский басым түсті.
Қазақстандық жанкүйерлерге «Шах казах» лақап атымен танылған Шыңғыс Қайранов ресейлік «SPARTA» командасының спортшысы Владимир Лебедевпен сегізбұрышта кездесті.

Бірінші раундта қазақстандық басымырақ болды. Ол қарсыласын партерге түсіріп, әбден соққыға жығып, ұпай санын еселеді. Екінші раундта ресейлік спортшы Шыңғыс Қайрановтың құрығынан босап, бірнеше шабуылдар жасады. Алайда партерден дереу орнына қайта тұрған қазақстандық спортшы ұпай санымен қарсыласын басып озды. Айта кету керек, жеңісті кездесуден соң Шыңғыс Қайранов тараздық Рауан Бекболатты ұтқан ресейлік Александр Володинді жекпе-жекке шақырды.

Басты жекпе-жек

ММА кешінің басты жекпе-жегі тараздық Ермек Тлауов пен Беларусь спортшысы Иван Жвирбля арасында өтті. Көрермендер өз жерлестерін үлкен құрметпен қарсы алды. Иван Жвирбля – 70 келі салмақта Eagles FC турнирінің чемпионы. Ағымдағы жылдың қазанында оны молдавандық спортшымен арнайы белбеу үшін үлкен жекпе-жек күтіп тұр. Сондай-ақ Иван қоян-қолтық ұрыстан Белоруссияның чемпионы. Жеке рекордында 5 жеңіс пен 2 жеңіліс бар. «Аль-Асад» лақап атымен ТМД мен Орта Азия елдеріне танымал спортшы Ермек Тлауовтың бұл тұжырымдамада қарсыласына қарағанда тәжірибесі көбірек.

Ол өз мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, оның 14-інде жеңіске жеткен. Көбінесе қарсыластарын «анаконда», яғни қылқындыру әдісімен ойсыратады. Бұл спортшының өзіндік ерекшелігі деп айтуға да болады.Қос мықтының кездесуі көзді ашып-жұмғанша, қас қағым сәтте аяқталды. Толық бір раундқа да жетпеген жекпе-жектен жанкүйерлер өзгеше әдістер күтті. Бірақ дәл ұрыс алаңына шығар уақытында қызуы көтеріліп, науқастанып қалған Ермек Тлауов өзіне берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаландым дейді.

– Әр спортшыға өзінің туған жерінде өнер көрсету үлкен жауапкершілік жүктейді. Турнирге тыңғылықты дайындалдым. Жерлестерімді жерге қаратқым келмеді. Жаттығу кезінде қызуым көтеріле бастады. Қабырғаларым ауырды.Егер жекпе-жек 3 раундқа созылса, әлім жетпей қалады деген де ойлар болды. Октагонға ойларымды жинақтап, өз-өзіме сенімді болып шықтым. Әлбетте, жанкүйерлерім күткендей жарысты ұзағырақ созуға болар еді. Бірақ мүмкіндікті қалт жібергім келген жоқ. Өзімнің бүгінгі турнирде топ жарған бауырларыма сәттілік тілеймін, жеңіліс тапқан інілерім мойымасын. Бұл – үлкен спорт. Көздеген мақсаттарына қарай қадам жасай берсін.

Турнирді ұйымдастырушылар мен жанкүйерлеріме үлкен алғыс айтамын, – деді жеңімпаз. Қарсыласын құрсауынан шығармай, алдымен ауырту әдісін, артынша қылқындыру тәсілін қолданып, үздіктер қатарында екенін тағы да дәлелдеген Ермек Тлауов өзінің салқынқандылығымен және зор еңбектің нәтижесінде осындай жетістіктерге жетуге болатынын көрсетті.
Жарыс соңында 6 елдің спортшыларын бір-бірімен Тараз төрінде айқастырған «Alash Pride» турнирінің басты ұйымдастырушысы, аталмыш компанияның президенті Данияр Қасқарауов қазақстандық ММА шеберлерінің әлемдік UFC тұжырымдамасында жұлдыз болуға мүмкіндігі мол екенін айтты.

– Тараз қаласында бүгінгідей турнир өткізу көптен бері ойымызда жүрді. Оның басты себебі соңғы кездері тараздық Евгений Егембердиев, бүгінгі жарыстың жеңімпазы Ермек Тлауов сынды жігіттер ірі жарыстарда топ жарып жүр. Өз ісінің маманы ретінде Ермекті мен UFC-ден көремін. Егер біз толық мүмкіндік жасай алғанымызда, ол осы уақытта сол тұжырымдаманың жарық жұлдызы болар еді. Соған қарамастан, Ермек өзінің мықтылығын уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді. Тараздық «Гладиатор» клубынан да мықты спортшылардың өсіп келе жатқанын көріп жүрміз. Турнирдің басты талабы – бір-біріне қарсылас спортшылар деңгейінің қатар болуы. Бұл үдеден толық шықтық деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда ММА барлық өңірде дамып келеді. Біз үшін бұл қуанышты жағдай. Ал қазақ спортшыларының UFC-ге шығуына келетін болсақ, бізде мықты шеберлер баршылық. Бірақ басқа тұжырымдамаларда болуы себепті көбісі өздерінің келісімшарттарынан бас тарта алмайды. Соған қарамастан, біздің спортшылар соңғы бір жыл ішінде еліміздің туын әлемдік бәсекелерде желбірететініне сенімім мол, – деді жарыстың ұйымдастырушысы.
Айта кету керек, әулиеаталықтардың делебесін қоздырып, рухын оятқан турнирді әлеуметтік желі арқылы 80 мемлекеттің ММА жанкүйерлері тамашалаған. Сондай-ақ «Qazsport», «Бокс ТВ» арналары тікелей эфирден көрсетті.

ММА кешін ТМД мен Ресейге танымал ринг хабарлаушысы Александр Загорский жүргізіп, турнирдің көркін қыздырды. Аталмыш аралас жекпе-жек бәсекесіне «Қазфосфат» ЖШС бас демеуші болып, мекеменің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Ескендір Мұқашев турнирдің құрметті қонағы ретінде көрермендер арасынан табылды. Жеңісті сәттерге толы болған ММА кеші үлкен табыспен тәмамдалды. Тараздық аралас жекпе-жек шеберлерінің бүгінгі абыройы осы деңгейдегі турнирдің Әулиеата топырағында өтуіне сеп болды десек қателескеніміз емес. Бұл ретте біз шаһарымыздан бүгінгідей жеңісті жолды жалғайтын, шетелдік UFC жұлдыздарын шаң қаптыратын талабы зор спортшылардың топ жарып шығарына сенім білдіреміз.

Comments (0)
Add Comment