«Алаш арыстары және қазақ баспасөзі» тақырыбында шеберлік сағаты өтті

«Алаш арыстары және қазақ баспасөзі» тақырыбында шеберлік сағаты өтті

Қазақ халқының ұлттық санасын қалыптастыру мен дамытуда баспасөздің атқарған рөлі орасан зор. ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ басылымдары халықты білімге, мәдениетке, тәуелсіздік идеясына үндеп, ұлттың рухани оянуына ықпал етті.
Осы орайда Дулати университетінде «Алаш арыстары және қазақ баспасөзі» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Шараны 2.6-корпус, №1 оқу залы кітапханашысы Г.Ноғайбаева және «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы А.Иматаева ұйымдастырды.

Шеберлік сағатында қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы, оның ұлттық мүдде жолындағы қызметі және Алаш қайраткерлерінің еңбегі жан-жақты талқыланды. Спикерлер Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт зиялыларының баспасөз арқылы халықты ағарту жолындағы күресі туралы баяндап, олардың шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталды. Ұлт зиялыларының публицистикалық еңбектері жинақталған шығармашылық жұмыстарын презентациялады.

Шеберлік сағаты студенттер үшін маңызды танымдық шараға айналды. Онда студенттер өз шығармашылық жұмыстарын газет-журнал дайындау арқылы көрсетті. Бұл үрдіс Алаш арыстарының, кезінде «Жас қазақ» ұйымын құрып, өздері жарыққа шығарған қолжазба «Садақ» журналы сынды студенттер мерзімді басылымының жалғасы іспетті болды. Қатысушылар қазақ баспасөзінің тарихи маңызын терең түсініп, оның бүгінгі және болашақтағы дамуы жөнінде ой бөлісті. Ұлттық руханиятқа қызығушылық танытқан жастарға осындай шаралардың маңызы зор екені айтылып, алдағы уақытта да мұндай кездесулер ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.

Шарада кітапханашы Г.Ноғайбаева ұлы тұлғаларымызды ұлықтайтын жаңа шыққан кітаптармен таныстырды. А.Иматаева студенттердің нәтижелі еңбектеріне алғыс білдіріп, қорытындылады.

Comments (0)
Add Comment