Алаш ардақтысымен аттас азаматтар

Халық жазушысы, қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның туғанына биыл 90 жыл толды. Жамбыл жерінде жазушының есімімен аттас азаматтар аз емес. Қазақ ырымға, өз ойындағыдай боларына және өз нанымы көңіліндегісін көкке өрлететініне имандай сенген. Осы тұрғыдан ұлына Шерхан деп есім бергендер «Шер-ағаңа ұқсасын» деп ниет еткені анық.

Таластағы Шерхан Мұртаза

Осы орайда ең алдымен сонау Талас ауданы, қарт Қаратау мен ана Билікөлдің жағасында қоныс тепкен алақандай ғана Майтөбе ауылындағы Дәулеттің ұлы Шерхан есіме түсті. Атасының аты – Мұртаза. Енді бала Шерхан жазушының есімін ғана емес, тегін де алып жүр. Ол – Шерхан Мұртаза!
Мән-жайды тереңірек білу мақсатында ауылдас жеңешем, бала Шерханның шешесі Алтыншашқа қоңырау соқтым. Аман-саулықтан соң, ұлының есімінің тарихы туралы сұрай бастадым. Алтыншаш жеңгем осы тұста мен білмейтін жаңалықтың бір ұшын ағытып:
– Менің ұлыма Шерхан деп ат қойған – сенің анаң! «Шерхан атасына ұқсасын» деп ырымдап еді. Енді міне, ұлым биыл бірінші сыныпқа барды. Орынсыз ойнап-күлмейді. Мінезі салмақты. Сабаққа ынта-зейіні де керемет. Осы мінезіне қарап, біз де бұл есімнің ұлыма дәл тауып қойылғанына, ата Шерхан сияқты елдің азаматы болуына тілектеспіз, – деді жеңешем.
Осы кезде менің есіме осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға оралды. Кітапханадан Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» кітабын арқалап келгенмін. Анам екеуміз жарыса оқыдық. Сол кітапты бастағалы шешемнің көз жасы құрғамады. Ондағы кейіпкерлермен бірге тұншыға жылайды. Дәрігер шақыртып, қан қысымын түсіріп әлек боламыз. Алайда кітапты алып қоюға дәтіміз бармады. Себебі анам бұл уақытта Шерхан Мұртазаны оқымаса тұра алмайтын халге жеткен еді. Сол жазушыны бір көруді арман етті. Кейін бір жиында Шер-ағаға шай құю бақыты бұйырғанын әлі күнге айтып, мақтанып отырады. Мен анамнан бала Шерханның есімін қойған сәттегі сырын сұрадым.
– Мен Шерханның әжесі Бейбіткүлмен өте жақын құрбы, бауыр болып араластым. Көзінің тірісінде «бір немеремнің атын сен қойшы» деп жүретін. Бұл тілегі ол кісі дүние салғаннан кейін ғана орындалды. Бірде Шерханның әкесі Дәулет көңілсіз тұр екен. Сөйтсем, келіншегі үшінші қызын дүниеге алып келгеніне іштей қынжылған түрі екен. Атұстарын күтіп жүргенін жанарынан ұғып: «Келесі жылы келін ұл туады. Атын мен Шерхан деп қоямын», – дедім. Ол басын изеді. Айтқаным айдай келіп, араға жыл салып келін ұл туды. Есімін Шерхан деп қойдым. Мұның себебі – мен жазушы Шерханды сүйіп оқимын. Сол кісі сияқты тұлға болсын деп ырымдадым. Оның үстіне тегі де сәйкес келіп тұр. Міне,сол баламыз биыл мектепке барды. Бала Шерхан дана Шерхан Мұртазаға ұқсаса жаман болмайды, – деді анам ағынан жарылып.

Құралай Сейсенбекқызы, журналист

Comments (0)
Add Comment