Алашқа ортақ «Амал» мерекесі

Алашқа ортақ «Амал» мерекесі

Көрісу күнін наурыз мейрамының бастауы деуге де болады. Бұл – адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышқан, енденің аузы аққа, малдың аузы көкке тиген шақ. Хакім Абайдың: «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп жырлайтын мезгілі де – осы.

Бұл дәстүрдің тарихына үңілсек, ертеректе көшпенді өмір сүрген ата-бабаларымыздың қыс айларында бір-бірімен көрісе алмай, көктем шығып, күн жылына бастағанда сағынысып, амандық-саулық сұрасуы дәстүр ретінде сақталып қалса керек.
Ғалымдардың пікірінше, «Амал мерекесі» деп айтылу тарихында да ешқандай өзгешелік жоқ. Шығыс күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. Мұндағы амал сөзі ескіше парсы тілінің «хамал» сөзінен алынған. Наурыз айын парсыша Хамал айы деп атауы себепті «Амал мерекесі» аталып кеткен.
14 наурыз – қазақта көрісу күні, амал мерекесі. Бұл күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеп жатады. «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды. Бұл күні ең әуелі әулеттің үлкендеріне барып, сәлем беріп көрісетін болған.
Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, мереке бір күн ғана болмайды. Керісінше, Наурыз – бір айға жалғасатын салт пен дәстүрге толы мереке. Ал көрісу соның бастауы деуге болады.
– Бұл мейрамды «Наурыз көже», «Тілеу көже» ішіп қана өткізбейді. Наурыз – бата беру, амандасу, көрісу, кешірім сұрау, ойын-сауық, сый жасау, ат ойындары, ақындар айтысы, балуан салу, жамбы ату, арқан тарту, көкпар, бастаңғы, базарлық, ат бәйге сияқты толып жатқан ұлттық дәстүрлерді жаңғыртатын мереке. Осы арқылы елдің бірлігін, халықтың берекесін арттырып, жұрттың көңілін көтеру мақсат етіледі. Осы мереке арқылы мемлекеттің тұтастығын сақтау, басқа ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының дәстүрін, өркениеті мен өнерін, тарихы мен түп тамырын таныту көзделеді. Тоқ етерін айтқанда қазақ наурызды 14-і күнінен бастап тойлайды, – дейді этнограф.
Көрісу күнінің «Амал мерекесі» атануының да тарихи мән-мағынасы бар екен. Этнографтың сөзінше, қазақ бір жылда 24 амал кіреді деп, тұтас жылдың ауа райын сол кірген амалдармен есептеген. Бір амал 7 күнге жалғасады. Ол амалды «Амалдың басы», «Амалдың ортасы», «Амалдың соңы» деп үшке бөліп есептейді.

– Сол амалдардың бірі – «Мәз амалы» көктем айларының көрінген кезі наурыздың 14-ші жұлдызында кіреді. «Мәз амалы» кірген түні жеті қат жер астынан көк құт көзін ашып, жер астындағы өсімдік тамырлары жарылады. Осы кезде қысқы ұйқыда жатқан жан-жануар оянады. Жер астында жатқан сарышұнақ тышқан жер бетіне шығады. Жыл басы туралы аңызда айтылатын, түйе өркешіне шығып алып, жылдың басын еншілеген тышқан – сол. Әр жылы наурыздың 14-інде, «Мәз амалы» кіргенде сол амалды сезетін де әуелі сол сарышұнақ. Сол тышқан көктем келгенде жер бетіне шығып, әрі-бері асыр салып жүгіреді. Соны көрген есепшілер «Мәз амалы» кіріпті» деп қуанған. «Мәз болмай, әз болмайды, шағала келмей жаз болмайды» деген мақал да осы амалға байланысты айтылған. Сондықтан «Көрісу күні» деп батыс қазақстандықтардың тойлап жүрген мерекесі осы «Мәз амалының» кіруімен тіке байланысты. 14 наурызда күн аспан шарының экватор нүктесін қиып өтіп, аспанның оңтүстік жарты шарынан солтүстік жарты шарына өтеді. Осыдан 7 күн өткенде 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Қазақ күнтізбесі бойынша осы кезде жаңа жыл кіреді. Міне, 14 күнгі «Көрісу күні» деп атап өтіп жүргеніміз «Амал мерекесі» күн мен түн теңелгенге дейінгі алдын ала дайындық. Сонда көрісу – «Көк құт көзін ашқан күннен бастап адамға да, жан жануарға да, табиғат пен жаратылыс дүниесіне де жақсылық жаршы болады» деген ескі ырымның салт пен дәстүрге айналған мерекесі, – дейді Болат Бопайұлы.
Ал белгілі өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Отыншы Көшбайұлының сөзінше, қазақ ежелгі мұсылмандық Хижра есебін ұстанған халық. Соған орай өзіне тән күнтізбесі, аптаны атау, айды санау, жылды есептеу сияқты есебі бар екенін айтады.
– Хижра есебі деп біздің заманымыздың 622 жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мединаға қоныс аударған жылын айтады. Мұсылмандар осы күннен бастап өз күнтізбесін жариялады. Жыл басын Мұхарам айы, қазіргіше Наурыз айы деп атады. Міне, содан бері қарай бүл күнтізбе мұсылман есебі болып қалыптасты.
Біздің қазақ халқы да осы көне есепті ұстанып, ғасырлар бойы пайдаланып келеді. Жыл басын Наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын басқа жерлердегідей 22-сі емес, наурыздың 14-інде тойлайды. Маңғыстаулықтар беріге дейін айлардың (дұрысында – жұлдыздардың) арабша атауын пайдаланып келді. Олар Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Олар айдың тууын әр айдың біздің есеп бойынша 14-нен бастаған. Яғни, бізше 14 наурызды айдың бір жаңасы деп есептеген. Әрине, Маңғыстау тұрғындарының жыл басын наурыздың 14-інен бастауында тек айдың тууы ғана емес, одан да тереңірек заңдылықтар жатуы мүмкін. Оған әртүрлі деректер келтіруге болады. Өйткені, табиғатпен біте қайнасқан көшпелі халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжрибесі, ілімі олардың қателеспей, нақты шешімге келуіне жағдай жасайды, – дейді өлкетанушы.
«Амал» мерекесі, «Көрісу» салты бұрыннан бар, қазаққа ортақ дәстүрдің үрдісі. Дегенмен бұл дәстүр көп жерде ұмыт бола бастаса, еліміздің батыс өңірінде жақсы сақталған. Соның нәтижесінде «Амал» мерекесі республикалық дәрежеде қайта жанданды, ұлттық мерекеге айналды. «Көрісу» салты, «қара шаңырақ» ұғымы, қара қазаннан дәм тату дәстүрі жаңғырып, қалыптасты. Осы орайда белгілі ақын Сабыр Адай, ұлттық құндылықтар жастардың санасына берік орныға бастағанын айтады.
– Өз орталарында халықтық шараларға белсене кірісіп, бірегей тұлғалық бейнесін сомдай бастаған тәжірибелі азаматтардың (ұйымдастырушылардың) қаймағы пайда болды. Олар елдің жүгін көтеріп, жауапкершілік алып, «Амал» мерекесінің үздіксіз ұлттық мүддеге сай өтуіне жылдар бойы басшылық жасап, қорған болып жүр. Ояу сана дегеніміз осы шығар. Міне, біз талмай талпынып, қазақы шежірені, ұлттық қарапайым қағидаларды, «Амал» мерекесінің ішкі мазмұнымен астастырып, қазақ халқының бірлігіне пайдалануға ниетті екенімізді дәлелдеумен келеміз. Жастардың, жалпы бұқара халықтың ұлт тағдырына деген жауапкершілікті өз бойларынан іздеп, тәжірибе алуына осылай жұмыстанғаны дұрыс деп шештік, – дейді ақын.
Сондай-ақ ақын халықтың 13-і мен 14-інде Отпан тауға жиналып, қазақтың үш жүзінен шақырылған ақсақалдар мен азаматтар, ел екеніңді сезініп, ұлттық рухты оятатын күн екенін айтады.
– Үш жүзден арнайы шақырылған алтын алқалы аналарымыз, жеңгелеріміз, келіндеріміз қара қазаннан ас салып беріп, алты алаштың құрметіне, алғысына кенеліп жатса, осының өзі қуаныш емес пе?! Ұрпақтары «Менің анам үш жүздің ардақтыларына ас салып берген» деп үлгі қылмай ма?! Дәм тату – бір шаңырақтың, бір əулеттің, бір рулы елдің не болмаса тұтас ұлттың, халықтың рухани киесіне ортақтасып, сеніміне кіру! Ақ-адал, уыз ниетін бөлісіп, туыстық пен бауырластықтың аманатын арқалап, ар-ұжданыңның алдында Аллаға ант бергендей əрекетке тең қазақы ұғым! Қазақтың «бір күн дəмге – қырық жыл сəлем» дейтіні содан болар. «Дəм аттаған оңбас» деп жататыны да бар. Қазақтың үйге келген қонаққа: «наннан ауыз ти, ағарғаннан ауыз ти…» деп қиыла қарағаны – «барымды бөлісіп, бауыр болғым келеді» дегені ғой. Осы ақ-адал дəстүрді ұлттың ішкі бірлігіне пайдалансақ жаман ба?.. Көрісу – жүздесу. Жүздесу – танысу, білісу, достасу, кешіру, сырласу, мұңдасу, түсінісу, сену, қанағаттану. Ойлап қараңыз: түсінісу, сену, қанағаттану – адамдарды барлық жақсылыққа бастайтын рухтың тəңірлік нəрі емес пе?! Бата дарыған елміз ғой, жақсылыққа қарай талпына беруіміз керек, – дейді С.Адай.
Жоғарыда көрсеткеніміздей, «Бір жасың құтты болсын!» деп тілек тілеу – ата-бабаларымыздың әр адамның туған күнін жеке-жеке тойламайтынының дәлелі. Жаңа жылда бір жас қосылатыны анық. Сондықтан, осы күні ғана адамдар бір-біріне «Жасың құтты болсын!» деп тілек тілейді. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді. Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Басқа амалдар тойланбаса да, ең ерекше амал – 14 наурыз тойланып, ол салт-дәстүрге айналып, ұлыстың ұлы мерекесіне айналған. Ешкім бұл күн ежелгі ерегісін, ескі кегін қоздырып, ақы алмайды. Өткен жылғы өкпесін, өкінішін жаңа жылға арқалап апармайды.
Жыл өткен сайын ұлттық мерекеміз түрленіп, ауқымы кеңіп келеді. Әрине, уақыт өткен сайын дәстүр жаңғырады, жаңарады. Сөзімізге дәлел – өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі, сондай-ақ мерекенің жаңа логотипі бекітілді. Осылайша, Наурызнама жасанды жаңашылдық емес, керісінше, көпкүндік мерекелеу арқылы оның қыр-сырын ашып, дәстүрлі сипатын дамытуға бағытталды. Жаңа форматқа сай, бүгін есігімізден енген «Көрісу – Амал мерекесі» әрі қарай «Қайырымдылық» күнімен жалғасып «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр», «Шаңырақ», «Ұлттық киім», «Жаңару», «Ұлттық спорт», «Ынтымақ» күнімен ұласып, «Жыл басы» күніне жалғасып, соңы «Тазару» күнімен түйінделеді.
Бүгін шаһарымызға шуағын ала келген «Амал» мерекесімен алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment