«Қаланың көркеюі – елдің көркеюі!»

№19 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Тұрысбек Мұрат Жарылқапұлының сайлауалды бағдарламасы

Құрметті сайлаушылар!

Еліміздің үлкен өзгерістер мен жаңаруларға қадам басқаны баршамызға мәлім. Өз білімі мен біліктілігіне, іскерлігіне сенген адамның мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы депутат болуына мүмкіндігі бар. Әрбір ақыл-ойы ұшқыр азаматтың елдің өміріне араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосып, еліне адал, қолынан іс келетіндігін көрсету – ол біздің азаматтық міндет деп ойлаймын.
Мұндай мүмкіндікті пайдалана отырып, сайлауға катысуға өз ұсынысымды білдіре отырып, шешім қабылдауды жөн көрдім. Тарихы тереңге кеткен, мәдениеті мен өркениеті асқақтаған, жер жаннаты болған Тараз халқының әл-ауқатын арттыру мақсатында тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты біршама ойларыммен бөліскім келеді.
Мен, Тұрысбек Мұрат Жарылқапұлы 1980 жылы 1 сәуірде Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Бостандық ауылында өмірге келдім. Білімім – жоғары. 1986 жылы алғаш мектеп табалдырығын Алғабас орта мектебінде аттадым. 1998-2001 жылдары Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Бастауыш сыныпта оқыту», 2001-2004 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Педагогика және психология», 2011-2014 жылдары И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің «Жоғары Педагогика магистрі» мамандығын тәмамдап, біліктілігін алдым.
Еңбек жолымды 2001 жылы мұғалімдіктен бастап, директордың орынбасары, директор, аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқардым. Қазіргі уақытта Тараз қаласы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясында директор қызметін атқарудамын.
Отбасымда, жұбайым және бір ұл, төрт қызым бар.
«Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі» дегендей, сапалы білімге теңдей қолжетімділікке кепілдік болу керек. Осыған байланысты бірқатар шаралар қолға алынуы тиіс. Мысалы, білім беру сапасын арттыру, мектеп мұғалімдерін даярлауға, олардың біліктіліктерін арттыруда сапалы әрі тиімді жүйеде ұйымдастырылуына баса назар аудару керек. Яғни, білім жүйесіне өзгерістер аса қажет. Оқыған адам – өзгеріс факторы. Ол өзгерісті жасау өз қолымызда.Сонымен катар тұрғындардың өзекті меселелері: білім мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайту, жастарды жұмыспен қамту және тұрғын үй-коммуналдык шаруашылық пен әлеуметтік салалардағы мәселелерін шеше аламыз деп ойлаймын. Күшімізді біріктіре отырып, әр тұрғынның тұрмыс сапасын арттыруға және қаламыздың өркендеуіне ықпал ететінімізге сенімдімін.
Тараз қалалық мәслихаты депутаттарын сайлау жөніндегі №19 бірмандаттық аумақтық сайлау округіндегі көпқабатты және жеке секторларда орналасқан тұрғын үйлерде 16 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың арасында әйелдердің үлес салмағы – 59, жастар – 12,6, зейнеткерлер – 3,9, студенттер 7 пайызды құрайды.
Округтегі сайлаушылардың 42,6 пайызы бюджеттік мекемелердегі жұмыспен қамтылған, 19,1 пайызы шағын және орта бизнес саласының өкілдері. Ал 3,1 пайызы жұмыссыздар қатарында, мүгедектігі бар азаматтар – 1,2 пайыз.
Экономикалық құрылым бойынша аумақта 6 білім беру нысаны, 3 денсаулық сақтау мекемесі, 2 жоғары және 1 арнаулы оқу орны, 4 ірі кәсіпкерлік нысаны орналасқан.
Аумақты дамыту бағдарламасын, БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланған аумаққа қатысты меселелерді талдау және тұрғындармен сұхбаттасу барысында:
– жалпы білім беретін мектептердің материалдық- техникалық базаларының ескіргені;
– көшелерді күрделі, орташа жөндеуден өткізу және жарықтандыру;
– көшелерге қоқыс қалдықтарын жинайтын жәшіктерді орнату;
– балаларға арналған ойын алаңшаларының жеткіліксіздігі;
– арық жүйелерін қалпына келтіру, оның ішінде, лотоктар орнату, тозығы жеткен қолданыстағы және топырақ, қоқысқа толған арықтарды реконструкциялау, жер асты құбырларын ауыстыру;
– бейберекет сауда орындарының көбеюі және санитарлық талаптардың сақталмауы;
– көпқабатты тұрғын үйлерге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу;
– аулаларды абаттандыру және тұрмыстық қатты қалдықтардың уақытылы шығарылып тұруы;
– көпбалалы аналарға әлеуметтік көмектердің (транспортта тегін жүру мүмкіндіктерін карастыру) жасалуы;
– аумақтағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жөндеу туралы бірқатар мәселелердің бар екеніне көз жеткіздім.
Осыған орай, аталған мәселелерді шешуге байланысты төмендегі сайлауалды бағдарламаны
ұсынамын:
– аумақта орналасқан мектептер мен балабақшаларға баратын жаяу жүргіншілер жолдарын орташа жөндеуден өткізуге және қажетті қаражаттың қарастырылуына;
– 2025 жылға дейінгі мерзімде кемінде бес көпқабатты тұрғын үйге қайта жаңғырту жұмыстарының жүргізілуіне, аулалардың абаттандырылуына және контейнерлік алаңдардың жаңартылып отыруына;
– халыққа көрсетілетін мемлекеттік-әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың төленуіне қоғамдық бақылау жасау;
– жыл сайын балаларға арналған ойын алаңшарларының орнатылуына;
– халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, санаса отырып, халық үнін билік өкілдеріне жеткізу;
– осы аумаққа қарасты ауызсу жүйесінің құбырлары тозығы жетуіне байланысты ауыстырып беруіне;
– көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын түнгі жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз ету;
– балалар мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалануын ұйымдастыруға жағдайдың жасалуына;
– жыл сайын кемінде бір көшеге орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне;
– 2027 жылға дейін жарықтандыруды қажет ететін 8 көшенің толықтай және 58 көпқабатты тұрғын үй аулаларының басым бөлігінің жарықтандырылуына;
– көшелерге қоқыс қалдықтарын жинайтын жәшіктердің орнатылуына және санитарлық талаптардың сақталуына;
– жеке тұрғын үй секторларындағы тозығы жеткен су құбырларын ауыстыруға, арық жүйелерін қалпына келтіруге;
– сайлау округінде орналасқан жөндеуді қажет ететін білім беру нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне;
– жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету арқылы олардың еңбектің түрлі шараларымен қамтылуына ықпал ету, халыққа көрсетілетін мемлекеттік-әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың төленуіне қоғамдық бақылау жасау.

Құрметті сайлаушылар!

Біздің болашағымыз, сүйікті қаламыздың болашағы әрқайсымызға байланысты.
Сіздерді балаларымыздың бақытты болашағы және әр азаматтың жайлы өмір сүруі үшін сайлауға қатысып, білімі мен біліктілігін, іскерлігін тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға жұмсайтын лайықты үміткерге дауыс беруге шақырамын.
Біз жалпы мәселелерді күшімізді біріктіру арқылы шеше аламыз!

Тапсырыс беруші: №19 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Тұрысбек М.Ж.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары есебінен төленді.

Comments (0)
Add Comment