Қаламы төселген қаламгер

Абай атындағы орталық кітапханада «Қаламы төселген қаламгер» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлымен кездесу кеші өтті.

Жазушылық жолы ой ұшқындарынан басталған қаламгермен кездесу кешінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын Ғайни Әлімбекқызы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, «ARAI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай төрге озды. Әдеби кешті Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Назым Мухамедиярова жүргізді.
Ең әуелі радио, телевидение салаларының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, сан қырлы журналистиканың қазанында қайнаған қарымды қаламгер, ақын Ғайни Әлімбекқызы мен қазақ баспасөзінің майданында шыңдалған білікті маман Оралхан Дәуіт қалам мен қағазына сыр тұндыр- ған кеш кейіпкерінің қызмет жолы туралы айтып өтті.
Кеш барысында оқырмандар тарапынан жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты сан алуан сауалдар қойылды. Жауап беру барысында жазушы өткен күндерін ой елегінен өткізіп, өзі тіліне тиек еткен әңгімедегі оқиғалары жайлы ой бөлісті. Сонымен қатар шет мемлекеттерге сапар шеккен қызықтары жайлы да көркем баяндап берді. Жазушы Шерхан Мұртаза жайлы да сыр шертілді.
– Бұрын Шерхан Мұртазаға: «Күндіз газетте қызмет етесіз, басқа шаруаларыңыз тағы бар, қай уақытта жазасыз?» – деп таңданып сұрағанымда: «Түнде, ас үйде жазып, таңертең жұмысқа шығып кете- мін», – деп жауап беріп еді. Мен де жазбаларымды түнде жазамын. Шерағаң: «Шыңғыс Айтматов туралы көп жаздым. Бірақ бірде-бір рет «мына жерің кем» немесе «мына сөзің артық» деп пікір білдірген емес», – деп айтып жүретін. Менің де Шерағаң туралы жазғандарымды оқи тұрып, пікір білдірген емес, – деді әңгіме барысында жазушы.
Кеш соңында Көсемәлі Сәттібайұлы кітапхана ұжымына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да оқырманға берері мол екенін, әлі шығармашылық ізденіс үстінде екенін жеткізді.

Ардана Қыснақбаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«журналистика» мамандығының 4-курс студенті

Comments (0)
Add Comment