Ғаламторды ұстаз тұтып адасудан сақ болыңыз!

Бүгінгі таңда көптеген жастар ғаламторда ұзақ уақыт отыратындары таңғалаларлық нәрсе емес. Осының салдарынан теріс мәліметтерге тап болып, психологиялық өзгерістерге ұшырап жатады.

Ғаламтордағы терроризмге үндейтін ақпарат көздерінің салдарынан өзге мемлекеттен ілім іздеп, жалған шейхтардың, өтірік ғалымдардың уағызына уланған қаншама жас жапа шегіп, кейінгі буынның дәстүрлі діннен, мәдениетімізден, ділімізден безінуі алаңдатады. Сонымен қоса кейбір теріс діни ағым өкілдері діни мәтіндердің түсіндірмелерін теріс бұрмалап, қоғамдық алауыздыққа да шақырды. Олар ғаламтордағы түрлі байланыс желілері арқылы, санасы қалыптаспаған жастарға дәл осы ғаламтор арбауына сан алуан кітаптары арқылы, тіпті бетпе-бет кездесіп, насихаттарын жүргізуде. Сондықтан шынайы діннің мазмұнын түсініп үлгермеген жастар қауымы ғаламторды «кезіп» жүріп ұрынып қалуы мүмкін. Қайбір халықтың діни топтарға бөлінуінің соңы біртұтас мемлекеттің шаңырағының шайқалуына әкеліп соққанын уақыт көрсеткен. Сондықтан бұл проблемаға селқос қарамай, шешу жолдарын іздеу уақыт талабы болып тұр. Кейбір жастар ғаламтор арқылы жарияланған діни мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізбестен қабылдап, отбасы мүшелерінен теріс айналып жатады. Экстремистік сайттар адам санасын улап, өз идеологиясын тықпалайды, мұндай уақытта біздерге қырағылық қажет. Егер сіз ғаламтордан діни сайттарды кездестірсеңіз, онда ол сайттың сенімділігіне көз жеткізіңіз. Оқылған ақпараттарды бірден көңілге тоқымаңыз. Ғаламторды қолданғанда келтірілген мәліметке бірден сене салуға болмайды.

Ғаламтор белгісіз виртуалды шейхтердің, құзырсыз радикалдық топ басшыларының үндеулеріне, өз білімсіздігі мен фанатизімдеріне мас болған тұлғалардың ой-пікірлеріне толы. Ғаламтордан алынған осындай материалдардың әсерінен өзінің жалаң да қасаң пікіріне сенген және жеке басының кемшіліктері мен тілектеріне мойынсұнып, өзін де, өзгені де алдап жүрген адамдарға келетін болсақ, алайда оларды ұстанымдарымен жұмыс жасау бірінші кезекте тұрған мәселе. Қазіргі таңда дәстүрлі діндерді насихаттайтын, түсіндіретін ғалымдардың кітаптары мен еңбектерін оқығаннан гөрі жастар ғаламтор беттерін ақтарғанды жөн көреді. Өйткені жастар уақытының көбін ғаламторда өткізеді, ал бұл кеңістікті дінді жеке мақсаттарына пайдаланатын ислам атын жамылған, жат радикалдық идеяларды насихаттайтын түрлі сайттар, парақшалар, блогтар сияқты ресурстар көбейіп кеткен. Сайттардан, кітаптардан, кітапшалардан нақты және толыққанды ақпарат алу мүмкін емес, сондай-ақ алынған мәліметті айналаңдағыларға таратуға болмайды. Адамдар түсінігі, білім деңгейімен ерекшеленеді және әр адам оқыған және көргендерін әртүрлі қабылдайды. Егер осындай адамның жанында діни білімі жоғары адам болмаса, ол жылдар бойы өзі адасып қана қоймай, өзгені де адастыруы ықтимал.

Ғаламторда көрген, оқыған және естіген нәрсенің барлығын саналы түрде сараптаған жөн. Асығыс шешім қабылдаудан, ойланбай әрекет етуден сақ болыңыз. Кез келген мәліметті, әсіресе, дін тақырыбындағы мақалаларды оқығанда төмендегі мәселелер бойынша назар аударыңыз:

Осы мәліметтің авторы кім? Оған сенім артуға бола ма? Автор мәліметті қайдан алған? Бұл ескіріп қалған мәлімет емес пе? Тағы да басқа осындай мәселелерге мән берген жөн.

Бұл күнде сайт ашу, оған ақпарат орналас-тыру кез келген адамның қолынан келеді және ол мәліметтер кез келген уақытта жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан сайттарды пайдаланғанда, оның сенімділігі мен ақпараттардың нақтылығына мән беріңіз.

Сіз немесе сіздің балаңыз ғаламторда ұзақ отыру арқылы отбасы мен достарына аз көңіл бөліп, маңызды істерге немқұрайлы қарай бастауы мүмкін. Ендеше, ғаламторды шектен тыс қолданып, оған тәуелді болып кетуден абай болған жөн.

Ұлана Сламбекова,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment