Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегенді жиі айтады. Бұл да жайдан-жай емес. Расында, адамның мәңгілік ғұмыры өзі өмірден өткеннен кейін басталмақ. Тірісінде халыққа пайдалы, адал еңбек етіп, жақсылық жасап, сауап алған болса, өзі дүниеден өтсе де, еңбегі ел аузында қалады. Халық оны асқақтатып, есімін ұлықтай түседі. Осындай мәңгілік ғұмырдың иесі – Жамбыл өңірінің тумасы, Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза десек, еш қателеспейміз.
Биыл жазушының туғанына 90 жыл толып, ел болып айтулы күнді атап өтудеміз. Халқының адал перзентін ұлықтап, білім ордаларына есімін беріп, облыс орталығынан еңселі ескерткіш бой көтерді. Өзі тұрған Талаптыдағы үйі жаңғырып, әдеби-мемориалды нысан ретінде ашылмақ. Жазушының шығармашылығын насихаттап, ел ішінде түрлі мәдени-көпшілік шаралар да ұйымдастырылды. Кітаптары жинақталып, қайта басылды. Жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында көзін көрген, тәлімін алған тұлғалардың, зерттеуші ғалымдардың мақалалары басылып, халыққа тарады. Бұл да ел үшін жасалған игі шаралардың бірі. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы да осындай игі шаралардың басы-қасында болды.
Биылғы жылдың бастамалары алдымен Шер-ағаның әруағына құран бағыштаумен, кейін оның ұрпақтарымен жүздесіп, алдағы бірлесе атқаратын жұмыстар жайлы пікірлесумен өрілді. Соның нәтижесінде Шерхан Мұртазаның студент жылдарындағы хат алмасулары, күнделіктері негізінде «Ауылды, сені сағынам» атты екі томдығы жарық көрді. Бұл кітапты құрастырушылардың бірі – жазушының қызы Алма. Сондықтан да оның осы мерейлі датаны өз деңгейінде атап өтуіне қосқан үлесі зор.
Бүгінде Алматы қаласында тұратын Шерхан Мұртазаның ұлы Батылжан мен қызы Алма Жамбыл өңіріндегі жақсы жаңалықтардан хабардар болып, өз қуаныштарын жасырмады. Әсіресе Әлижан Мұртазаның Талапты ауылындағы үйін мемлекет меншігіне беріп, ол жерден музейі ашылатынын естігенде, ұлы мен қызы Шерхан Мұртазаның жеке пайдаланған заттарын орталыққа тапсыруды жөн көрді.
Руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиұлы Алма Мұртазамен бірнеше рет жолығып, күні кеше Шерхан Мұртазаның киген костюмін, Техастан алып келген шляпасы мен мойын орамалы, өзі пайдаланған қолсағатын, марапаттары мен радиосын құнды жәдігер ретінде орталыққа алып келген.
Алынған әр заттың өз тарихы бар. Мәселен, костюм-шалбарды біздер сонау Шерхан Мұртаза Телерадио корпорациясының басшысы болып тұрғанында, өзі жүргізген «Ұлт пен сана» бағдарламасында көргенбіз. Ал кейініректе өткір шындығы үшін қудалауға ұшырап, қызметінен кетер күнінде де дәл осы киімінде болғанын қызы әңгімеледі.
Америкадан келген мойын орамалын Шер-аға ковбойлар арасынан оза шауып, жеңіп алған. Ерте жастан ат құлағында ойнап өскен Шер-аға америкалықтарды арғымақтың үстінде жайдақ отырып, мәреге аттан құламай жалғыз жетіп таң қалдырған. Сол бір өнері үшін де тәнті болған америкалықтар құрмет белгісі ретінде нағыз ковбойдың мойнына салатын орамалын сыйға тартыпты.
Алма Мұртаза берген үш сағаттың бірін Шерхан Мұртазаға мемлекет және қоғам қайраткері әрі сыныптас досы Қаратай Тұрысов осыдан жиырма жыл бұрын сыйлаған екен. Ең қызығы – бұл сағат әлі күнге дейін Шер-ағаңның мәңгілік мұрасындай тынбай қызмет етіп тұр.
Сонымен қатар жеке заттарымен бірге Шерхан Мұртазаның марапаттары да орталық қорына табысталды. Оның ішіндегі ең құндысы – 1-ші дәрежелі «Барыс» ордені. Қазақтың Шерісі мен барысына бұл орден 2012 жылы табысталған екен. Түрксойдың түркі әлемінің әдебиетіне қосқан үлесі үшін берілген құрмет белгісі де марапаттар тізбегін жалғап, Шер-ағаның мәртебесін асқақтата түскендей.
Марапаттар туралы айтқанда, Шерхан Мұртазаның өте қарапайымдығын бір мысалмен ғана көрсетуге болады деп ой түйдім. Ғұмыр бойы алған марапаттарын, атақ-даңқын айтып жан-жаққа мақтана бермейтінінің бір дәлелі – Шер-ағаның халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын 1996 жылы алғашқылардың бірі болып Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақша сөйлеткені үшін иеленгенін беріге дейін ешкім білмеген екен. Ал құжаты мен төсбелгісі жазушының өз үйінде сақталыпты. Бұл да бір Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы аясында өзіміз үшін ашқан шағын жаңалық болды. Сондай-ақ өзінің көзілдірігі, фотоаппараты, бильярд ойнағанда киген қолғабы мен кийі, тақиясы, қамшысы да күні ертең ашылатын әдеби-мемориалдың көрмесінен орын алады. Бұл заттарды ауылдағы ағайын, Шер-ағаңның аса сүйікті немерелері – Жако (Жалғас), Илико (Ильяс) мен Зико (Зиба) атасының көзіндей сақтап, орталыққа өткен жылы табыстаған болатын.
Назым ҚОЖАМАРОВА, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі