Қаламгер шығармашылығының көркемдік әлемі

Биыл тағдыры өлшеп берген қысқа ғана ғұмырында ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасатын өшпес мұра қалдырған үлкен жүректі, терең ойшыл, дарынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына – 130 жыл. Ол заманының түрлі жағымсыз, әділетсіз қылықтарын көңілі хош көрмей, сол дәуірдің барлық олқылықтарын ой санасынан өткізіп, көрген-білгенін наркескен өткір тілімен жырлады.

Сұлтанмахмұт шығармашылығы – ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебі. Ақын кітапханасы – оқып-тоқыған әлемі көпке үлгі болар ұлы дүние әрі ұзақ зерттеуді қажет ететін қомақты қазына. Ақынның бүкіл шығармашылығы кейбіреулерден үйреніп тындырған іс емес, машықтанған үрдіс емес, дербес дүние, рухани жиһаз ғып жаратқан тұтас болмыс, өнер деуге болады.
«Жалынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров творчествосының бастауы, нәр алған бұлағы – өз алдына зерттеуді, тексеруді тілейтіні жеке мәсе- ле», – дейді әдебиет зерттеушісі, сұлтан-махмұттанушы Арап Еспенбетов. Расында да, қысқа ғана ғұмырында өшпес із қалдырған тұлғаның білім алған, көзқарасын қалыптастырған, танымын кеңейткен әдебиет әлемі көп-ақ. Бастауы халқымыздың ауыз әдебиетінен нәр алатыны да айқын дүние. С.Торайғыров шығармашылығында да еуропашылдықтан гөрі қазақтың танымы әлдеқайда басым. Яғни әуелі оның қазақы менталитеті мен қазақы қоғамнан шыққандығына назар аудармау қателік болары анық.
ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен ағартушы-демократ, аса көрнекті ақын, жазушы, публицист Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қалдырған әдеби мұрасы қомақты да құнды. Ол – қазақ классикалық әдебиетінде ұлы Абай қалыптастырған көркемдік дәстүрлерді байытып, жалғастырушы суреткер. Оның шығармаларында өз заманының ең мәнді, көкейкесті мәселелерін көтеріп, өзінің көркемдік қолтаңбасын, қоғам мен адам өміріндегі алуан шындықтар көрінісін көркем шығармаларына арқау етті. Ақын туындыларының танымдық, тәрбиелік, эстетикалық мәні қазақ әдебиетінің рухани қазынасына айналды.
Оның ақындық кітапханасында қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті маңызды орын алады. О баста нәр алған бастау бұлағы десек те қателеспейміз. Өз шығармаларында мақал-мәтел, шешендік сөздер мен салт-дәстүр үлгілерін шебер қолдана білген. Ақын шығармашылығын зерттеуші, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев Сұлтанмахмұтты «қазақтың бұрын-соңды ақын-жазушылары ішіндегі өз шығармаларында мақал-мәтелдерді ең көп қолданған жазушы» деп қараған.
Сұлтанмахмұт ауыз әдебиеті үлгілерін, соның ішінде мақал-мәтелдер мен сөз тіркестерін беталды ала бермей, іріктеп, таңдап алған. Өзінің негізгі тақырыбына, ой-пікіріне сай келетін, саяси-әлеуметтік мәні бар мақал-мәтелдерді өзі айтқандай терең ойлы, халықтың, шығарған ортаның дүниеге көзқарасын, тұрмысын, көзқарасын, ойын көрсетіп беретін дәрежеге жеткізген. Сонымен қатар оларды орынды, келісті етіп қолданған. Кей ретте заңды етіп, қазақ тілінің грамматикасына дәл етіп өзінше жөндеген.
Сұлтанмахмұттың сөз қолданысында Абай тілінің әсері бар. Мысалы, «Дүние бос махаббатсыз мал секілді» деген Сұлтанмахмұт сөзі Абайдың «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар», – дегеніне дәлме-дәл, яғни Абайдың лексикасында кездесетін сөздер Сұлтанмахмұтта да бар. Абай сияқты аз сөзге көп мән, нәзік сезім, жинақылық береді.
Ғылым-білімге шақыру және әлеуметтік ортаға сын айтуда да Сұлтанмахмұт озықтығымен көрінді. Ол өзінен бұрынғы әдебиеттегі дәстүрлі формалармен қанағаттанбай, жиырмасыншы ғасырдағы әдеби процеске реалистік поэма, роман, рецензия, сын мақала, тағы басқа жанрларды батыл енгізді.
Сұлтанмахмұт шәкірттік шағынан орыс тілін меңгеріп, сол арқылы ғылым құпияларын қапысыз ақтаруды армандаған:
Оллаһи! Ант етемін Алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.
Балаң ақынның белді бекем буып, өмірлік серт етіп, құштарлықпен орыс мәдениетіне ден қоюы шүбәсіз.
Сұлтанмахмұт Томскіге келгенде екі түрлі мақсатты көздеген: біріншіден, сырқатын емдету, екіншіден, орысша оқу.
1916 жылы Томск қаласында гимназияға түсуге дайындайтын курста оқып жүргенінде кешкілікте Әлімхан Ермековтен (мемлекет және қоғам қайраткері, математикадан тұңғыш қазақ профессоры) орысша оқыған. Бірінші кездесу сабағында Сұлтанмахмұт Әлімханға: «Орыс тілі… бізге тіпті қажет қой, мен «нан сұрап аларлық болса жетеді» дейтін орыс тілі үшін емес, үлкен кітаптарды оқи, түсіне алатын, реті келген жерде орысша жазып жіберетін орыс тілін үйренгім келеді», – деген арманына жетеді. Орыс классиктерінің шығармаларын оқып, терең түсіне білім алады. Тіпті «Кедей» поэмасына орыс тілінде былай деп эпиграф жазады: «Все, что существует в мире, есть результат известных действий, условий. Человек может творить эти условия, что отличает его от животных. На этом основано все, что изобретено человеческим умом. Отсюда цель моего произведения может быть, пожалуй, ясна. 1919 год».
Міне, Сұлтанмахмұттың орыс тіліне құштарлығы, өзі айтқандай, «нан сұрап жерлік үшін» емес немесе сән үшін емес, үлкен мән-мақсат үшін екенін көреміз.
С.Торайғыров орыс тілін жетік білуге барынша талаптанып, кейінде сол тілде жазылған ақыл-ойшы, ақын-жазушылардың шығармаларын құныға оқыған. Асқан ойшыл, қоғам қайраткерлерінің, әдебиет алыптары А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, С.Я.Надсон, И.А.Крылов, М.Е.Салтыков-Щедрин, А.В.Кольцов, Н.А.Некрасов, Л.Н.Толстой, А.А.Блок туындыларын зерттеп оқығандығын естеліктер бойынша еске түсіреміз.
Жүсіпбек Аймауытұлы айтқандай: «Орысша оқуы аз болса да, жаратылысына біткен зейіні, қайраты, талабымен орыс әдебиетін әбден түсініп оқитын болады. Герцен, Кропоткин, Бакунин, Толстой, Каутский, Плеханов тәрізді социалшыл, анархияшыл білімдандардың кітаптарын көп оқиды». Аш-жалаңаш халде, ашпа-жалап күндер кешіп жүріп те, қолындағы соңғы ақшасын кітапқа жұмсаған Сұлтанмахмұт қыруар білім алған. Ғылым-білім қазынасын татар және орыс тілдерінде де игерген және сол тілдерді жетік меңгергені сондай, әдеби мұрасында да екі тілдің лексикалық байлығын көп қолданады.
Сұлтанмахмұт кітапты көп оқыған. Ол турасында тағы Мұхтар Әуезов: «Аурумын, емделіп жатырмын демей, кітап көп оқиды екен. Төсегінің екі жағында көптеген классик ақын-жазушылардың, ақыл-ой кемеңгерлерінің кітаптары үйіліп жатыр еді. Солардың арасынан Л.Толстойдың, С.Надсонның, Бакуниннің, Плехановтың шығармаларын көзім шалды», – деген.
Дәл осы естелікке қарап, жас ақын, жас өреннің көп оқығанын көруге болады. Оқып қана қоймай соны қорытып, қазақ халқына бергенін, беруге тырысқанын байқаймыз. Ақындық кітапханасын азулы ақын-жазушылардың адуынды туындыларымен толықтырып отырған.
Ақын шығармаларының интеллектуалдық тереңдігінен, азаматтық ой-мұратының асқақтығынан анық көрінетін бір басты бел-гі – ол адам баласы ақыл-ой дамуына үлкен үлес қосқан тарихи адамдардың іс-әрекетін қастерлеу, өз отандастарына үлгі ету. Бұл жолда ақын аянбай тер төгіп, ілім-білім іздеді. Шығармаларында аталған Сократ, Платон, Жан-Жак Руссо, Колумб, Эдисон, Луи Пастер есімдері адамзат тарихындағы философиялық, тарихи, ғылыми, мәдени жаңалықтарға жол бастайды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларында не теңеу, не өлең шумақ ретінде арагідік кездесетін әлемдік тарихта белгілі адамдардың есімдері, олардың іс-әрекеттері немесе бүкіл дүниежүзілік сипаты бар кейбір тарихи оқиғалар мен құбылыстар туралы тұжырымдар ақынның алыстағы көкжиекке көз тіккенде де ойлы, кең толғайтын, білімді, мәдениетті қалып-келбетін айқындай түседі де, қазақ сөз өнерінің мол мүмкіндіктерінің тағы бір қырын танытады.
«Сұлтанмахмұт өлең жазардың алдында көп ойланып, көп толғанатын, маңайындағының бәрін ұмытатын, жақын адамдармен де сөйлеспей қоятын. Ол сол ойлану кезінде есінен танған адамға ұқсап кетуші еді. Басын төбесінен саусағымен айналдыра беретін, далаға жеке шығып кететін. Ал жаза бастаса-ақ, өте тез бітіретін, басқа нәрсемен еш айналыспайтын. Ол «Кедей» дастанын да, «Адасқан өмір» дастанын да бір-бір жұманың ішінде бітірген еді. Бұл екеуін жазарда кітапты көп оқып жүрді. Мен Герценнің кітаптарын да оқып жүргенін көрдім», – деп жазады ақынмен бірге өскен Шайбай Айманов. Бұл естеліктен Сұлтанмахмұттың өлеңге қандай мән беріп, қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын және ізденіп, батыстық қаламгерлерді де қарап, көп еңбектенгенін көреміз.

Айнұр Әжібаева,
Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Comments (0)
Add Comment