Қаламгер оқырмандарымен кездесті

Жамбыл облыстық оңалту орталығында қызмет алып жатқан ардагер журналист, жазушы, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі Мәдениет және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Майлыбай Смағұлов оқырмандарымен кездесті.

«Жазылмай келген сырларым – жылыстап кеткен жылдарым» тақырыбында өткен жүздесуге аталған орталықтың қызмет алушылары қатысты. Авторлық кездесуді Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі Мәдениет және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Исмайыл Хажымұратов жүргізіп отырды.
Басқосуда қаламгер өзінің өмір деректеріне қысқаша тоқталып өтті.
– Шығармашылық адамы – үнемі ізденісте, ойда, қиялда жүретін жан. Ол өмірде әділдіктің салтанат құруын қалайды, қаламы арқылы шындықты жазуды мақсат етеді. Жалған сөйлеу, әділеттіктен аттау оқырманды автордан қашықтатады. Сол себепті мен тек ақиқатты жазуға ұмтыламын, – деген М.Смағұлов «Ислам – тәуелсіз еліміздің рухани тірегі» және сарысулық сазгер Сәбит Нұркеевтің өміріне арналған «Өнер деп соққан жүрегі» атты кітаптарының жазылу тарихы, мазмұны мен оларда қозғалған ойлар жайлы баяндады.
Келесі кезекте сөз алған Исмайыл Хажымұратов, әлеуметтік қызмет саласының ардагері Күләш Қостабекқызы мен комиссияның басқа да мүшелері жазушының туындылары жайлы пікірлерін бөлісті. Ал Талас ауданының тумасы, зейнеткер Әбдірахман Тәжімбетов автордың ақын Нарша Қашағанұлы, Досмұрат Шахзадаев туралы жазған еңбектеріне жоғары баға берді.
Кездесу барысында оқырман қауым көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Өз кезегінде Майлыбай Смағұлов кездесу қатысушыларына алғысын білдірді.
Жиын соңында автор мекеме кітапханасының қызметкері Мақпал Сейітханқызына өзінің баспадан биыл шыққан «Әділетті Қазақстан – әлеуметтік әділеттілік кепілі» атты кітабын тарту етті.

Сейітхан ҚУАНТАЕВ,
Қазақстан ардагерлері «Айырықша тәуекелді
ардагерлері мен мүгедектері»
қоғамдық бірлестігі саяси бөлімінің бастығы

Comments (0)
Add Comment