Қалам ұстаған қыздар бас қосты

     «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғалидың ұйымдастыруымен «Інжу-маржан» әдеби үйірмесі жанынан құрылған қаламгер қыздар кеңесінің кезекті басқосуы өтті. Бұл кездесуге М.Х. Дулати атындағы өңірлік университетінің ұлағатты ұстазы Сейсекүл Исматова қатысып, «Д.Қонаевтың жары Зухра образы» туралы баяндама жасады. Ұстаз ел басқарған зиялы азаматтың ар жағында отауының түтінін түтетіп, отын сөндірмей, әр ісіне қолдау білдіре білген Зухра апай жайлы кеңінен сөз қозғап, «Әрбір мықты еркектің артында мықты әйел тұрады» деген сөз тіркесі расталған кейіпте үлгілі мінезі мен инабат ибасы, парасатына тоқталып өтті.
Одан кейінгі кезекте сөз алған қаламгер қыздар кеңесінің төрайымы Ардақ Үсейінова «Жамбылдық қаламгерлердің шығармашылығындағы әйел-ана бейнесі» туралы талқылады. Ардақ Үсейінова жиын барысында Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша», Елен Әлімжан » Анажар» романдарын, Күләш Ахметованың «Ұлбикенің монологы», Марал Ысқақбай «Ғашық болып көрмеген келіншек», Несіпбек Дәутайұлының «Көгілдір көйлекті келіншек» шығармаларына арқау болған әйел-аналардың әдебиет бейнесіндегі образына тоқталып, әр қаламгердің қыз, жар, ана психологиясына қалам тербеп, кеңінен талқылауы, жеткізуі мен кульминациясына тоқталып өтті. Басынан сан қилы қиын жағдай өтсе де, жаны нәзік әйел азаматының қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, тағдырдың түрлі соқпағы мен дауылына төтеп беруге жететін күш жігері туралы сөз болды.
Одан соң күн тәртібіндегі негізгі мәселе осы ортадағы екі қаламгер қыздың кітабын жарыққа шығару бойынша Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовке жолданатын арнайы хаттың жобасымен танысып, өзгерістер мен қосымшалар енгізілді.
Сондай-ақ, кеңес құрамына тағы қаламгер қыздар қосылып, толыға түсті. Бір қолымен қалам ұстап, екінші қолымен бесігін тербете білген бикештер алдағы уақытта да қалам ұстаған қарлығаштардың келелі мәселелерін кеңес көлемінде кеңінен талқылап, өткізіп тұруға ниетті екендіктерін жеткізді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment