Қыс айларының бел ортасына да жеттік. Биылғы қыс тараздықтар үшін жайдары өтіп жатқанымен, «Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы күндері қала аумағында ауа райының күрт суытуы күтілуде. Соған байланысты тұрғындар тарапынан көмірге деген сұраныстың күрт артуы мүмкін.
«QAZAQGAZ AIMAQ» кәсіпорнының ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда қала аумағында газдандырылмаған 2 006 жеке тұрғын үй бар. Осыған байланысты 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына қала тұрғындары үшін қажетті көмірдің көлемі 10 030 тоннаны құрады.
Қала аумағындағы көмір сатумен шұғылданатын 7 оператордың (жеке кәсіпкерлер «Авангард», «Иманалиев», «Самандор», «ADIS», «Алимбеков», «Шахбоз», «Казугольснаб») теміржол тұйықтарында 2 200 тонна көмір бар. Көмірдің орташа бағасы 21 500 теңге мен 26 000 теңге аралығында саудаланып жатыр. Сондай-ақ шаһар аумағында тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында көмір сатылымы 7 мекенжай бойынша ұйымдастырылған. Атап айтқанда, тұрғындар қажетті қатты отынды Мәмбет батыр көшесі, №19 «А», Балуан Шолақ көшесі, №2, Сыпатай батыр көшесі, №12 «А», Мәмбет батыр көшесі, №23, Мәмбет батыр көшесі, №21, Қостанай көшесі, №210 «А» және А.Байтұрсынов көшесі, №1 мекенжайларынан таба алады.
«JT»-ақпарат