Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исабековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті.
Кеңестің күн тәртібіне сәйкес, Әулиеата ауданы әкімінің міндетін атқарушы Медет Нұрмаханов санитарлық-тазалық және абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Әулиеата ауданына қарасты №1 аумақтық округте заңсыз орналасқан 3 дүңгіршек бар. Алайда, аталған аумақтық округ бойынша зерделеу жұмыстары кестеге қойылмаған. Округтегі заңсыз тұрған дүңгіршек, сауда орындары және павильондарды зерделеу жұмыстарын кестеге қосу қажеттілігі туындап отыр. Жалпы, аудан аумағында тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Округ инспекторларының зерделеу жұмыстарының нәтижесінде ластанған аумақтар анықталды, – деген Медет Сәбитұлы алдағы уақытта тиісті бөлімдермен бірлесе отырып осы мәселелердің шешімін табу қажеттігін жеткізді.
Келесі кезекте Жібек жолы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Данаев та тазалық жұмыстарының барысына тоқталды.
Кеңесте бұдан бөлек, қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша бюджеттің орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, сауда үйлерінің алдындағы автотұрақ, құрылыс жұмыстары бойынша мәселелер қаралды.
Жиынды қорытындылаған Нұрсұлтан Арқабайұлы күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша тиісті сала басшыларынан жауап алып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Аман ЕСЕН