Қала аумағында құрылыс қалдықтары, стихиялық қоқыстың тиісті орынға тасталуы, тұрғындардың тазалық сақтауы бойынша аумақтық инспекторлар тарапынан тиісті жұмыстар тұрақты түрде атқарылып жатыр.
Айталық, өткен жылы жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Тараз қаласында күл-қоқыстарды арнайы орынға тастамаған тұлғалар бойынша іс-шаралар жүргізілді. Соның нәтижесінде былтыр 1 182 нысан иесінің тазалықты талапқа сай сақтамағаны анықталды. Оның ішінде 1 008 тұрғынға ескерту берілсе, 174 азаматқа айыппұл салынды. Сонымен қатар 1 мен 14 тамыз аралығында тазалық сақтамаған 233 нысан иесі анықталса, 175 адамға ескерту беріліп, 58 тұрғын айыппұл арқалады.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қала тазалығын сақтау және абаттандыру мақсатында Полиция басқармасымен бірлескен рейдтік шара өтті. Нәтижесінде 14 кәсіпкерлік нысан иесіне қоқыс тазалығын сақтамағаны және жабайы жарнама орналастырғаны үшін хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, өз нысандарының аумағын таза ұстап, талапқа сай абаттандырған 2 кәсіпкер қала әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Осы ретте атап өтерлігі, тазалық сақтамаған тұрғындарға, нысан иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл белгіленген.
Аман ЕСЕН