Қала тазалығы – баршаға міндет

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте облыс орталығы тұрғындары мен әкімдік арасындағы кері байланыс бағытындағы жұмыстар барысы қаралды.

Аталған мәселе бойынша сөз алған қалалық медиа- орталық директоры Балнұр Бектұрғанова әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларындағы жарияланымдар мен тараздықтар тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдарға жауап беру жайын тілге тиек етті.
– Жыл басынан бері әкімдіктің әлеуметтік желілерінде 1 091 пост, 277 бейнеролик, 633 баннер жарық көрді. Қаңтар айынан бастап әкімдіктің ресми парақшасын белгілеу арқылы жалпы саны 1 253 пост жарияланды. Сонымен қатар «Ikomek-109» платформасы арқылы 5 188 өтінім түскен. Тұрғындардан түсіп жатқан сауалдардың басым көпшілігі шаһардың коммуналдық қызметтеріне қатысты болып отыр. Орталық қызметкерлері барлық арыз-шағымға дер кезінде жауап беріп келеді, – деген Балнұр Бектұрғанқызы әкімдікке қарасты бөлімдердің әлеуметтік желілердегі белсенділігіне талдау жасап, тұрғындармен кері байланыс орнату жұмыстары жалғасын табатынын жеткізді.
Баяндамашыны мұқият тыңдап шыққан Бақытжан Әмірбекұлы аталған бағыттағы атқарылатын жұмыстарды жоспарлы, жүйелі жүргізу қажет екенін айтып, нақты тапсырмаларын берді.
Кеңес барысында бюджеттің болжамды орындалуы, «Астана күні» мерекесіне дайындық жұмыстары, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және білім мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары, облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарының барысы және өзге де мәселелер қаралды.
Қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамашыларды тыңдап, сын-ескертпелерін айтып, жұмысты жүйелеуді тапсырды.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment