Қала тұрғындарының қауіпсіздігі – тұрақты назарда

Бүгінгі таңда төтенше жағдайлар, соның ішінде табиғи апаттар қаупі қоғамды алаңдатып отырғаны жасырын емес. Көп жағдайда бұл климаттың өзгеруінен туындайды. Дегенмен, кейбір қайғылы жағдайлар адамдардың салғырттығына байланысты болып жатады.

 Осындай қауіп-қатерді болдырмау мақсатында Тараз қаласында жанармай құю нысандарындағы өрт қауіпсіздігі мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Шаһар төріндегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының базасында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен авто- және газ құю станцияларындағы (ЖМС) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған шараға аталмыш басқарманың өкілдері, кәсіпкерлер палатасының мамандары, сондай-ақ шаһар аумағында жұмыс істейтін жанармай құю станцияларының басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысты.

Шара аясында басқарма мамандары өрт қауіпсіздігі саласындағы заң талаптарын кеңінен түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, жабдықтардың техникалық жағдайын бақылау, персоналға үнемі нұсқаулық өткізу және нысандарды бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету қажеттігін еске салды. Әсіресе, мұнай өнімдерін құю және төгу, сондай-ақ жабдықтармен жұмыс істеу кезінде өрттен туындайтын қауіптің алдын алу мәселелерін кеңірек талқыланды.

Сонымен қатар Тараз қаласындағы Төле би даңғылы бойында орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйде төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша 6-қабаттағы пәтерлердің бірінде өрт шықты. Өрт сөндіру бөлімшелері өртті сөндіру, тұрғындарды эвакуациялау және зардап шеккендерді құтқару бойынша үйлесімді іс-қимылдарын пысықтады. Оқу-жаттығуға құтқарушылар, жедел медициналық көмек қызметі және өмірді қамтамасыз ету қызметтері тартылды.

Сонымен бірге мұндай оқу-жаттығу қаладағы ірі сауда нысандарының бірі – «Бек» базары аумағында да өткізілді. Тактикалық жоспар бойынша өрт сауда бутиктерінің бірінде болды. Шартты төтенше жағдай орнына дереу жеткен өрт сөндіру бөлімшелері барлау жұмыстарын жүргізіп, жалын ошағын сөндіру мен зардап шеккендерді шартты құтқару шараларын ұйымдастырды.

Жаттығу соңында қатысушылардың әрекеттері талданып, дабыл беру, эвакуациялау және алғашқы өрт сөндіру шараларын жетілдіру бойынша ұсыныстар берілді.

Іс-шараның басты мақсаты – адамдар көп шоғырланатын нысандарда шартты өртті сөндіру кезіндегі жеке құрамның іс-әрекетін жетілдіру, өмірді қамтамасыз ету қызметтерімен өзара іс-қимылды пысықтау және төтенше жағдай туындаған кезде күш пен құралдардың дайындық деңгейін тексеру.

Жаз келсе, ең алдымен ойымызға оралатыны – суға шомылу. Дегенмен, судың «тілсіз жау» екенін де ұмытпаған абзал. Осыған байланысты Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері су айдындарында да күнделікті профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.

Шаралар аясында құтқарушылар жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен бірлесіп, демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жабдықталмаған жерлерде шомылуға тыйым салынатынын және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салуда.

Рейд барысында тыйым салынған орындарда шомылу фактілері анықталып, аталған құқықбұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабына сәйкес хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін бір жағдай бойынша ӘҚБтК-нің 127-бабы негізінде әкімшілік айыппұл салынды.

Осы ретте Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасы судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау – өмір мен денсаулықты сақтаудың кепілі екенін еске салады. Жалпы мұндай іс-шаралар халықтың қауіпсіздік ережелері туралы хабардар болу деңгейін арттырады деп сенеміз.

Карина КАРТАШОВА,

облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,

азаматтық қорғау аға лейтенанты

Comments (0)
Add Comment