Қала мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Мәдениет – ұлтымыздың мәйегі, қоғамның айнасы. Сондықтан оның мазмұны жоғары, мәні терең. Бүгінгі жаһандану дәуірі тек халықтың ғана емес, қаланың да өз мәдениетін қолға алу керектігін уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді. Ал қала мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Осы орайда халық сөзіне құлақ түрген едік.

«Мәдениетті жасайтын өзіміз»

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,
Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы,
облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы:

– Ел арасында тәртіпті, мұнтаздай болып жүретін, сәлем-сауқаттың жөнін білетін азаматтарды «қала көрген ғой» деп жатады. Бұл неден шыққан? Қалада өскен, оқыған, азды-көпті сонда тәрбие алған адамдардың мінез-құлқы ауылдағы ағайындардан ерекшеленіп тұратын ол заманда.
Сонау 70-жылдардың басында білім қуып, оқу іздеп, Алматыға барғанымызда, сол жерде Мәскеуден оқып келіп, политехникалық инс- титутта сабақ беріп жүрген Әлімжан деген ағам қарсы алып, құжат тапсыртып, қаланы аралатып, біраз сүйрелегені бар. Оқу-білімі терең, Мәс- кеуді көрген жігіт емес пе, «көшеде асықпай-аптықпай жай жүріңдер, автобустың ішінде қарқылдап күлмеңдер, қатты сөйлемеңдер, боғауыз сөз айтпаңдар, асханада тамақ жегенде мәдениетпен жеңдер, ыдыс-аяқтарыңды сақырлатып, дыбысын шығармаңдар» деп ескертпелер жасап отыратын. Ауыл қазағымыз ғой, алғашында ағамыздың сөзін сіңіре алмай жүрдік. Кейін келе түсіне бастадық қой.
Ол жылдары ауыл мен қалаң екі бөлек дүние еді. Қазір ғой, мидай араласып кеттік. Ауылдағыларың қалаға қопарылып көшіп келіп жатыр. Ауылдың дағдысы қаланың жықпыл-жықпылын аралап кеткендей көрінеді.
Мұның бәрін неге айтып отырмын? Осыдан бірер күн бұрын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков журналистермен кездескен еді. Қала шаруашылығына байланысты көп жағдаяттар айтылды. Сұрақтар да, ұсыныстар да аз болмады. Қала басшысы өзі бастап, біздер қоштап, «тараздық мәдениет қалыптастырсақ» деген түйінге келдік.
Сонда тараздық мәдениет дегеніміз не? Тараз – көкке орнаған сұлу қала, сәні сәулетіне келісіп-ақ тұр. Тарихы да терең көне шаһар. Алматыға қарасаң, тұрғындардың өз менталитеті, өз дағдысы, айрықша бір мәдениеті байқалады. Оқыған-тоқығаны көп зиялы адамдардың жүріс-тұрысының өзі сырт көзді сөзсіз қызықтырады. Астанаға барсаң да солай. Астаналық мәртебені, астаналық тәртіпті, астаналық дағдыны көргендей боласың.
Ал енді Таразымызға оралайықшы. Бірдеңесі бүлініп тұр деп айта алмаймыз. Бірақ айрықша бір көзге ұратын тараздық мәдениетке қол жеткізе алмай жүрген сияқтымыз.

– Мына Қайрат Рысқұлбеков саябағында күн сайын серуендейтінім бар. Жоғары, арнаулы оқу орындары мен мектептердің көп шоғырланған аймағы ғой. Саябақта жастар көп жүреді. Олардың бақытты жүздерін көріп, көңілің көркейеді. Бірақ «әттеген-ай» да көп. Жастар мемлекеттік тілде көп сөйлемейді, басқа тілдерді араластырып шүлдірлейді, оған көрші халықтың былапыт сөздерін қосады. Көптің алдында біздің ұлтымызға тән емес әдепсіздіктер жасайды, кісілер отыратын орындақтарға аяқтарымен жайғасып, қақырынып-түкіріне береді. Темекісін будақтатып жүрген жасөспірім қыз-жігіттерді көргенде тіптен жер боласың. Үш-төртеуі жаға жыртысып, төбелесіп жатса, араша түсіп, қой дейтіндер табылмайды. Саябақтың көкпеңбек жамылғысын айғыздап, арасында доп қуады, алысып-жұлысып ойнайды. Саябақтың дәл ортасында спорт алаңы тұр. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бүгінде саябақтың айғыз-айғыз болып жатқаны содан шығар.
Жастарға тәрбие үйден берілуі керек, одан кейін мектеп пен жоғары оқу орындарында, колледж, лицейлерде ұстаздардың ұлағаты қажет. Бұл айтып отырған келеңсіздіктер бір күнде, әйтпесе бір жылда жөнделмейді. Бұған бәріміз атсалысуымыз керек. Ардагерлеріміз, үлкендеріміз, ақын-жазушыларымыз бар, журналистеріміз, зиялы қауым өкілдері бар – барлығымыз жастармен жабылып жұмыс жүргізуге тиіспіз. Бұл арада жалғыз билік еш нәрсе бітіре алмайды. Қоғам болып атсалысуымыз керек. Сол жиында қала әкімі тиісті бөлімге тапсырма берді. «Тараздық қала мәдениетін қалыптастыру жөнінде жақсы бір жоба жасайық» деген ұсыныс айтты. Мәдениет дегенде келеңсіздіктердің бір парасын ғана айттым. Мәдениетті жүріп-тұрамыз, мәдениетті демаламыз, әдебіміз бен әдетімізді, әдемі мінез-құлқымызды көрсетеміз десек, қаламызда ондай қоғамдық орындар жетіп артылады. Сонау «Тектұрмас» этнотарихи кешенінен бастап, «Көне Тараз» этнотарихи кешені, біздің саябақтарымыз, театрларымыз, мәдени көпшілік орындарымыз, стадиондарымыз бен спорт алаң-шаларымыз аз емес. Қалалықтарды театрға баруға үйретейік, оларды кинофильмдер көруге шақырайық, тұрғындарымыз саябақтарда бала-шағасымен келіп қыдырсын, серуендесін. Бұған кім ұйытқы болуы керек? Әрине, біздер – жоғарыда айтқандай, білімді, білікті азаматтар, біздің асыл қазына қарияларымыз. Әлбетте, ұйытқы болатын қала билігі көштің басында тұруға тиісті. Топ құрсын, кесте жасасын, студенттермен, жастармен бетпе-бет отырып кездесейік, пікірлесейік, олар не айтады екен, естиік, қорытынды шығарайық.
Тараздық қала мәдениетін қалып-тастыру жөнінде көптен көкейде жүрген ойлар осылар еді. Құрметті менің замандастарым, әріптестерім, зиялы қауым өкілдері, осы бір бастамаға баршамыз отырып үн қосайық, қолдап, көмектесейік, халықтың, тұрғындардың, жастардың қалың ортасынан табылып, білгенімізді айтайық.

«Мәдениет тазалықтан басталады»

Алдаберді Махашев,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің жетекшісі:

– Мәдениет деген – мен үшін ең әуелі тазалық. Мәселен, тұратын үйіңді жинап қойсаң, келген қонақтарға жайлы әрі жағымды әсер сыйлайды. Сол үшін бірінші кезекте мәдениетті тазалықтан бастауымыз керек. Тазалық – саулық кепілі. Жыл сайын көктем және күз мезгілінде санитарлық тазалықтың екі айлығы жарияланады. Бұл істен ардагерлер де шет қалмай, әрдайым үн қосып келеді. Басылым беттерінде тұрғындарды тазалыққа шақырып, игі шараға ұйытқы болудамыз. Алайда осыны жете түсінбейтін жерлестеріміз аз емес. Кез келген жерге қоқыс тастап, айналасына түкіріп отыратын жастарды көргенде қатты қынжыламын. Жастар – біздің болашағымыз. Олардың ерсі әрекеттерге бой алдыруы өте толғандырады. Тағы бір алаңдататын мәселе соңғы кезде бүтінді бүлдіруге құмар болып алғандаймыз. Себебі саябақтардағы орындықтарды сындырып, ескерткіштерді қиратып кететін жағдайлар жиіледі. Оларға осы бастан тоқтау салмасақ, күні ертең сан соғып қаларымыз белгілі. Одан соң қоғамдық көліктерде жастардың үлкендерге орын беруі де – зор мәдениеттің көрінісі. Жалпы қала мәдениетін қалыптастыру жолында ардагерлер үнемі жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Біздің қарияларымыз бұл бағытта өсиет-өнеге айтудан еш тартынған емес.

«Саналы жастар – қоғамның айнасы»

Абзал Есіркепов,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:

– Қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениеті, қаланың тазалығы алдымен оның тұрғындарына байланысты. Мәдениетті қалыптастыру тәрбиеден басталады. Осы орайда жастарды мәдени деңгей мен құндылықтарды дамытуға бағытталған іс-шараларға белсенді тартуымыз керек.
Қаланы көркейту бойынша түрлі бастамаларға белсене атсалысып, қоқыс шығару науқандарын өткізіп, мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, сол арқылы өзгелерді де үлгі алуға шабыттандыра аламыз. Мәселен, көгалдандыру жұмысы, тал егу. Бүгінгі таңда қала тазалығын сақтау үшін жастарды экологиялық қызметке тарту бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмыс атқарады. Былтырғы жылы 458 «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп-дамуына өз үлестерін қосқан болатын. Жастар қаладағы мәдени ортаны құру мен қалыптастыруда орасан зор әлеуетке ие. Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Қаланың ажары оның тазалығына да байланысты. Қаланың ішкі мәдениетін қалыптастыру, тазалығын сақтау, қоғамдық орындарда заң мен тәртіпті ұстану әр адамның басты ұстанымы болуы шарт. Сондықтан қала мәдениетін қалыптастыру үшін біз келесі принциптерді ұстануымыз керек:
1. Ақпараттық науқан.
Жастар арасында мәдени іс-шараларды көбейту, тазалық науқандарын өткізу және қала өмірінің маңызды аспектілері туралы хабардар ету. Сондай-ақ тұрғындар арасында ақпараттық жұмыстарды жүргізудің де маңызы зор деп білемін.
2. Шығармашылық және өнер.
Қала тұрғындарының шығармашылық әлеуетін дамытуға ынталандыру, жергілікті өнерпаздарды, музыканттар мен шығармашылық ұжымдарды қолдауымыз керек. Көрмелер, концерттер, фестивальдар және басқа да мәдени іс-шараларды ұйымдастыру үшін қалада қолайлы атмосфера құру. Және жастардың мәдени бастамаларына қолдау көрсетуіміз қажет деп ойлаймын.
3. Білім және ағарту.
Мәдени орта құру қоғамның санасы мен тәрбиесін қажет етеді. Біз мәдени құндылықтар бойынша қала тарихы және мәдени маңыздылығы туралы білім беру бағдарламаларын белсенді жүргізуіміз керек. Жастарды білім беру жобаларына тарту, мәдени тақырыптар бойынша лекциялар мен пікірталастар өткізу мәдениет пен өнерге қызығушылықты қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймын. Сондай-ақ қаланың мәдени ортасын дамыту жобаларын бірлесіп жүзеге асыру үшін жергілікті билік органдарымен, кәсіпкерлермен, білім беру, мәдениет саласы және жастар ұйымдарымен бірлесіп жұмыс атқарсақ, оң нәтиже беретіні сөзсіз.
Қазіргі уақытта мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне жастар белсенді араласып, елеулі орын алып келеді. Дегенмен жастар арасындағы қылмыс, нашақорлық, жат ағымның жетегінде кету сияқты проблемалар да жоқ емес. Сондықтан жастарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Жастар ресурстық орталығы тарапынан рухани-патриоттық тәрбие беру, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, уақытша жұмыспен қамту, белсенді іс-шаралар мен жобаларға тарту бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді.

Comments (0)
Add Comment