Қала әкімінің орынбасары редакция жұмысымен танысты

Бүгін «Jambyl-Taraz» газетінің туған күні. Көне шаһардың шамшырағына айналған басылым 26 жылдық белесті артқа тастады. Осы айтулы күнге орай қала әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариев, шаһар басшысының баспасөз хатшысы Зарина Қуат және ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова редакциямызға арнайы бас сұғып, төл мерекемен құттықтады.

– Көзге көріне бермегенімен журналистер қауымының еңбегі ерен. Күнделікті қала тынысын оқырманға жеткізіп, билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатып келесіздер.  Бұл да ел дамуына қосылған тамшыдай үлес деп білеміз. Сіздердің жұмыстарыңызға жеміс, еңбектеріңізге табыс тілейміз!, – деген Бақдәулет Жолдасұлы қала әкімінің құттықтау хаты мен арнайы сый-сияпатын табыс етті. Бұдан соң ол редакцияның тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық базасымен танысып, ұжым мүшелерімен тілдесті.

Comments (0)
Add Comment