Қала әкімімен бетпе-бет

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапты.

– Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруды тапсырды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да: «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап», – деп осы бастаманың маңыздылығын айрықша атап өткен еді.
Аталған тұжырымдама негізінде билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Яғни, шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуға тиіс. Соның нәтижесінде бұқараның базынасы билікке тікелей жетуде.
Жолдау жүктеген осы міндетті мінсіз орындау мақсатында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғындарды жеке сұрақтарымен тұрақты түрде қабылдауда.
Кеше шаһар басшысы бұқараның тағы бір легіне қоғамдық қабылдау өткізіп, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Қабылдауға келген тұрғындардың дені тұрғын үй, жер кезегі, арық жүйелерін тазалау, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңшасын жаңғырту мәселесіне қатысты сауалдармен жүгінді. Сонымен қатар көпір мен жол салу, көше бойындағы сауда орындарын жүйелеу, саябақта кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беру, тал кесу, көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеу сынды көкейлерінде жүрген ойларын ортаға салды.
Қала әкімі қабылдауға келген әрбір тұрғынның сауалын мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Сондай-ақ әр тұрғынның түйткілдері бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Comments (0)
Add Comment