Қала әкімі жастар театрының қойылымын тамашалады

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Тараз жастар театры студиясы «Қиянат» драмасын көрермен назарына ұсынды. Қойылымды Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және шаһар тұрғындарымен бірге тамашалады.

Ата-ананың балаға деген қамқорлығы мен жауапкершілігі, отбасындағы өзара түсіністік пен сүйіспеншілік тақырыптарын арқау еткен қойылым кейіпкерлері – әртүрлі тағдыр иелері. Бірі өз пайдасы үшін арын сатса, енді бірі әділет жолында күреседі. Ал біреуі үнсіздік пен бейтараптықтың қиянат екенін кеш түсінеді. Олардың арасындағы қарым-қатынас, таңдаулар мен өкініштер көрерменге қоғамдағы және адамның өз ішіндегі әділетсіздікті сезіндіреді. Біреуге жасалған қиянат өзгенің тағдырына ғана емес, өз рухына да көрсетілген зорлық екені осылай сахна тілімен айшықталды.
Жас драматург Қолғанат Мұраттың туындысын режиссер, ҚР Мәдениет қайраткері Шолпан Айтибаева сахналады. Білікті маманның режиссерлық шешімі мен актерлық құрамның шебер ойыны көрерменге ерекше әсер сыйлап, жастар театрының болашағынан зор үміт күттіретінін аңғартты.
Шара соңында өнер ұжымына қала әкімінің атынан ықылас гүлі табысталды.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment