Қала әкімі тұрғындармен бірге тал екті

Қала әкімі тұрғындармен бірге тал екті

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанған қазақ үшін ағаш отырғызу – маңызды істердің бірі. Сондықтан көктем келіп, күн жылына бастағаннан-ақ халқымыз аулалардың маңайын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Осылайша өскелең ұрпақтың санасына табиғат пен Жер-ананы қастерлеу сынды асыл құндылықтарды сіңірген.

Осындай игі іс Тараз қаласында да көрініс тапты. Айталық, «Жасыл белдеу» жобасы аясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Қызылабад» алқабына арнайы барып, жұртшылықпен бірге тал екті. Көшеттердің көптігі емес, олардың көктегені маңызды екенін айтқан шаһар басшысы егілген талдарды уақытылы күтіп-баптау жұмыстары назардан тыс қалмау керектігін жеткізді.
Айшықты шараға қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді жастар мен шаһар тұрғындары да қатысып, игі іске өз үлестерін қосты.
Осы күні аталмыш алқапқа 5 мың қарағаш көшеті отырғызылса, «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде «Ұлы дала» шағынауданындағы мешіт маңына 80 түп ағаш егілді.
Ерекше атап өтерлігі, биылғы көктем мезгілінде «Қызылабад» алқабына жалпы саны 10 мың көшет егу жоспарланып отыр. Олардың суару жүйесі де толығымен қамтамасыз етілген.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment