Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Jambyl-Taraz» газеті редакциясында болып, шаһар шамшырағының жұмысымен танысты. Басылымның бас редак-торы Саятхан Сатылғанов қала әкіміне шығармашылық ұжымның тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берді.
Өз сөзінде Саятхан Жапарұлы осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1996 жылдың ақпанында алғашқы саны оқырман қауымға жол тартқан газеттің жетістіктері жөнінде баяндады. Сондай-ақ басылымның таралымы артып, бүгінде аптасына екі рет 8 мың данамен облыс көлемінде таратылып жатқанын, редакция жанынан SMM бөлімі құрылып, медиа-контент дайындау бағытында да жұмыс жүріп жатқанын айтты.
Қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы редакция ұжымының жұмысына жеміс тілеп, халыққа сапалы ақпарат тарату бағытындағы жұмыстарға әркез қолдау көрсетілетінін айтты.
– Газет редакциясы – шығармашылық-тың ордасы, қаламгерлердің құтханасы. Басылымның қаланың рухани-мәдени дамуында алатын орны ерекше. Тарихты таңбалап, қағаз бетіне түсіріп, насихаттап келе жатқан журналистер қауымының жұмысын жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жаңа леппен жүргізуге басымдық беру қажет деп есептеймін. Бұл ретте газет ұжымының шығармашылық әлеуеті жоғары деңгейде әрі мүмкіндіктері де мол екені анық. Осы орайда Сіздерді келіп жеткен төл мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді ол.
Жұмыс сапары барысында шаһар басшысы редакцияны аралап көріп, жұмыс барысына жоғары бағасын берді. Сонымен қатар мерекеге орай жаңа компьютер алуға сертификат табыс етті.