Ұлттың ұйытқысы, татулықтың тірегіне айналған қазыналы қариялар қашанда өзінің дария кеуде, тау мүсін болмысымен көпке үлгі. Халқымыз қандай да бір дау-дамай туындап, ақыл-кеңес қажет кезде әрдайым қарттарға жүгініп, солардың бір ауыз сөзіне тоқтаған. Алысқа сапар шексе де, әуелі осы қариялардың алдынан өтiп, батасын алып аттанған.
Себебі отбасында қарт адамдар болса, ол үйде береке, молшылық болады деп топшылаған. Сондықтан бабаларымыз қарттарды асыл қазынам деп ардақтап, төріне отырғызған. Бұл қазақ үшін тек сыйластықтың көрінісі ғана емес, діңгегі берік дәстүріне айналған. Жаңа ғасырдың табалдырығын аттап, жаһандануға қадам бассақ та, халқымыздың бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қасиеті бір сәтке ажыраған емес.
Халықаралық қарттар күніне орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков білім саласының ардагері, ғасыр жасаған кейуана Забила Алпысованың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
– Сіздің ғибратты ғұмырыңыз бен оқу-ағарту ісіне қосқан сүбелі үлесіңіз – өскелең ұрпаққа сарқылмас азық. Егемен еліміздің қазіргі дамуына өзіңіз секілді қазына қариялардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әрдайым қарттарымызға қарап бой түзеп, таусылмас тағылым аламыз. Сіз секілді ардагерлеріміздің бай тәжірибесі бүгінгі жастарға ауадай қажет, – деген шаһар басшысы қарияға арнайы сый-сияпаттарын табыстады.
Кейуана да өз кезегінде қала басшылығына ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.
Қос ғасырдың куәгері Забила Алпысова 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тыл еңбеккері, ұлағатты ұстаз. Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын үздік аяқтаған соң, туған ауылы Шыңғыстайдағы орта мектепте 40 жылдан астам уақыт балаларға сапалы тәлім, саналы тәрбие берген. Ол қанатын қатайтып, қияларға самғатқан шәкірттерінің ішінде Дидахмет Әшімханұлы, Оралхан Бөкей сынды қазақтың қарымды қаламгерлері бар. Оның білім саласындағы еселі еңбегі мемлекет тарапынан «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» құрметті атағымен, «Ветеран труда» төсбелгісімен айшықталып, Қатон-Қарағай ауданының Құрметті азаматы атанды. Сондай-ақ жергілікті Кеңестің депутаты болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласқан.
Қазыналы қария 1989 жылы Жамбыл облысына қоныс аударып, содан бері осы өңірде тұрмыс кешуде. Өмірлік серігі екеуі өмірге 4 ұл, 2 қыз әкеліп, олардан 15 немере, 37 шөбере сүйіп отыр.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ