Медицина саласын дамыту – мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үнемі ерекше назар аударып, саланы дамыту үшін нақты тапсырмалар беріп келеді. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында да бұл мәселеге ерекше екпін түсірілген.
Бұл тұрғыда өңірлердегі медициналық нысандардың да қызметі айрықша назарда. Соған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №5 қалалық емханаға арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Аталған емхана бүгінгі күні 67 784 тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Оның 24 958-і балалар болса, 42 826-сы – ересектер. Емхананың бас дәрігері Динара Сарсенованың айтуынша, нысан 93 пайыз медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қала әкімі өз кезегінде емхана қызметінің сапасы келушілердің берген бағасымен өлшенетінін баса айтты.
– Бүгінде емханалардың қызметіне тұрғындар тарапынан бірқатар шағым бар екенін жасырын емес. Әсіресе, олардың медициналық көмекті ұйымдастыру, кезекте көп уақыт жоғалту, қағазбастылық сынды мәселелерге көңілі толмайды. Сондықтан ең әуелі ұйымдастыру жұмысына баса назар аударуларыңыз керек. Әрбір қызмет алушы емхананың табалдырығын аттаған сәттен бастап мамандардың бақылауында болуға тиіс. Сондай-ақ емхананың негізгі көрсеткіші қағаздардағы есептермен емес, тұрғындардың шынайы бағасы арқылы орындалуы қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы емхананың ішін аралап көріп, тұрғындармен тілдесті.
Тұрғындар тарапынан емхананың ескірген жедел сатысын жөндеу мәселесі көтерілді. Бұл бойынша қала әкімі қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп жатқанын, соның нәтижесінде емхананың лифтісі жаңғыртылатынын жеткізді.
Осы орайда айта кетерлігі, емханалардың қызметі қала әкімінің тікелей назарында. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.