Бүгінде Тараз қаласында көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бұған «Nuri Agro» бау-бақша орталығының қосып отырған үлесі зор.
Аталған орталықтың қолдауымен шаһардағы Ұлбике ақын көшесіне 100-ге жуық ағаш егілді. Жасыл желекке бөленген көше бүгінде бұрынғыдан да көрікті кейіпке енді. Егілген ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын орталық мамандары өздері жүргізіп отыр. Бұл бастама – қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған игі қадам.
Жалпы, көне шаһарды көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы қабылданған болатын. Соның аясында 2023-2024 жылдары жыл сайын 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылды. Ал 2025 жылдың көктем айларында 10 мың түп ағаш егілсе, күз айларында тағы да 10 мың түп отырғызу жоспарланып отыр.
Бұған қоса, қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, және басқа да аллеялар мен скверлерге 2023 жылы – 4,5 мың, 2024 жылы 5 мың түп әртүрлі ағаштар егілсе, ағымдағы жылы жоспардағы 5 мың ағаштың 4 мыңы егілді. Қалған 1 мың ағаш күз айларында отырғызылады.
«JT»-ақпарат