Қала көркін ашқан акция

Былтырдан бастап еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл науқанның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілікті ояту.

Бұл науқанның маңыздылығы туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында айрықша атап өткен болатын.
– Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл уақытша науқан емес екенін баса жеткізді.
Айшықты акция Таразда биыл да өз жалғасын табуда. Айталық, акция аясында Жібек жолы ауданына қарасты «Қызылабад» алқабында 10 мың түп қарағаш көшеті отырғызылды. Шараға 3 мыңға жуық адам, оның ішінде мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілер белсене атсалысты. Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков те науқаннан шет қалмай, тұрғындармен бірге ағаш отырғызды.
Жалпы көктемгі кезеңде өңір аумағында 286,9 мың көшет егілсе, күзгі маусымда қосымша 108,7 мың жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар акция шеңберінде «Жансая» шағынауданында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке 250-ге жуық адам мен 7 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 70 текше метрге жуық қоқыс шығарылды. Шаһардағы өзге де бекітілген учаскелерде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Облыс әкімі санитарлық тазалық шараларының барысымен танысып, тұрғындардың белсенділігіне ризашылығын білдірді. Аймақ басшысы өз кезегінде қала әкімдігіне экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ жаңадан орнатылған қоқыс алаңдарына бейнебақылау жүйелерін енгізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жыл басынан бері шаһар аумағында сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Іс-шаралар барысында кәсіпорындар мен мекемелерге және барлық бизнес өкілдеріне тазалық жұмыстарын жүргізетін аумақтар бекітіліп, оларға 30 мыңға жуық адам белсене атсалысты. Нәтижесінде бүгінге дейін жоспарланған 15 шақырым арық жүйесі, 230 шақырымдай көше және 400 мың шаршы метрге жуық саябақтар тазаланды.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment