Қала экономикасы қарыштап келеді

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көптеген күрделі экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерісті бастан кешірді. Нәтижесінде еліміздің экономикалық жүйесі жоспарлы экономикадан нарықтық деңгейге көшіп, соның негізінде жаңаша даму бағыттары қалыптасты. Мұндағы басты мақсат – тұрақты өсімді қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа.
Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет», – деген болатын.
Бүгінде ел Президентінің бастамалары мен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету негізгі міндеттердің біріне айналып отыр. Осы мақсатта көне шаһарда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, нақты істер қолға алынуда.
Атап айтсақ, биылғы 8 айыдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі – 18,2, инвестиция көлемі – 31,4, құрылыс жұмыстарының көлемі – 34,3 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімі 2,3 есеге өсті. Сондай-ақ бөлшек сауда – 100,7, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 100,8 пайызды құрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында инвестиция тарту мәселесіне айрықша тоқталғаны баршаға белгілі.
– Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек. Бұдан бөлек, инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолданған жөн, ел экономикасы үшін маңызы, пайдасы бар жобаларға басымдық берілуге тиіс, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бойынша Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге нақты міндеттер жүктеді.
ХХІ ғасыр – экономикалық өсім мен жаһандық бәсекеге қабілеттілік дәуірі. Бұл кезеңде қай ел болса да өзінің әл-ауқатын арттыру үшін өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмыс сапасын көтеруге ұмтылады. Осы игі мақсатқа жетудің ең тиімді тетіктерінің бірі – инвестиция тарту. Әсіресе, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін инвестицияның орны орасан зор.
Көпшіліктің түсінігінде «инвестиция» ұғымы тек қаржы құюмен өлшенеді. Алайда бұл – одан әлдеқайда кең түсінік. Инвестиция – болашаққа бағытталған сенім, дамуға салынған күш, технология мен тәжірибенің келуі. Инвестор өңірге қаражат әкеліп қана қоймай, сол аймақтың болашағына сенеді, еңбекке қабілетті халықтың әлеуетін мойындайды. Мысалы, еліміздің шалғай өңірлеріне тартылған инвестициялар нәтижесінде бұрын қаңырап бос тұрған өндіріс орындары қайта жанданып, жаңа кәсіпорындар ашылып, инфрақұрылым дамып жатыр. Бұл – ауылдан қалаға жаппай көшу үрдісін бәсеңдетіп, халықты өз туған жерінде тұрақтандыруға ықпал ететін маңызды фактор.
Инвестиция тартудың нәтижесінде жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инфрақұрылымның дамуы, бюджетке түсетін кірістің артуы, технология мен материалдық базаның жақсаруы секілді игіліктерге қол жеткізіледі.
Қазақстан – кең-байтақ ел. Алайда өңірлер арасында экономикалық даму деңгейінде айырмашылық бар. Мұндай теңсіздікті инвестициялық саясат арқылы теңгеруге болады. Егер әр өңір өзінің әлеуетін тиімді көрсетіп, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасай алса, онда ел ішіндегі инвестициялық ағын бір орталықта шоғырланбай, бүкіл республикаға теңдей таралады.
Инвестициялық климатты жақсарту – тек биліктің міндеті емес. Халықтың да көзқарасы, ынтасы маңызды рөл атқарады. Ашықтық, адалдық, еңбекке деген құрмет – мұның бәрі сырттан келген капитал иелеріне сенімділік ұялатады. Инвестор бизнесті тек қағаз жүзінде емес, нақты өмірде жүзеге асыра алатынына көз жеткізсе ғана тұрақтайды.
Бір сөзбен айтқанда, инвестиция – өңірлерді түлететін күш. Ол – жаңа өмірдің бастауы, тұрақтылықтың тірегі. Егер әр өңір өзінің табиғи, экономикалық, адами әлеуетін дұрыс пайдаланып, бизнеске қолайлы жағдай тудыра алса, онда Қазақстанның кез келген түкпірі өркен жайған оазиске айналары сөзсіз.
Бұл бағытта Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әрине, экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тарту қажет. Соған орай 2023-2024 жылдары жалпы құны 21,4 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 395 жаңа жұмыс орыны құрылды. Ал ағымдағы жылдың есепті кезеңіне 9,9 миллиард теңгеге 6 жоба бастау алса, жыл соңына дейін тағы 9,7 миллиард теңгеге 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалардың аясында 324 жаңа жұмыс орны құрылады деп көзделіп отыр.
Қай кезеңде де ауыл шаруашылығы – ел экономикасының берік тірегі, азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, халықтың күнкөріс негізі. Ал енді осы саланың дамуы оған тартылған инвестициямен тығыз байланысты.
Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция – жай ғана қаржы емес, болашаққа бағытталған саналы шешім, стратегиялық таңдау. Сондықтан бұл салаға құйылған әрбір қаржыны тек пайда табу құралы емес, ел мен жерге жасалған үлкен қамқорлық деп ұғынған абзал. Бұл жұмыстар жүйелі мемлекеттік саясатты, заманауи технологияны, ғылыми қолдауды, ең бастысы, инвестициялық серпінді қажет етеді. Жаңа техникасыз, заманауи инфрақұрылымсыз, ғылыми-зерттеусіз және нарықтық қолдаусыз ауыл шаруашылығы ұзаққа шаба алмайды. Ал бәсекеге бейімделмеген сала құлдырайды. Демек, бейімделу үшін қаржы, инвестиция керек. Қаржы құйылған жерде қимыл-қозғалыстың болатыны белгілі. Мысалы, жаңа техника алған диқан бір күнде бұрынғыдай бір гектар емес, он гектар жер жыртады. Суару жүйесі жаңарса, егіннің шығымы еселенеді. Малды асылдандыруға қаржы бөлінсе, өнім сапасы артады. Бұл – тек бір отбасының ғана емес, тұтас өңірдің, тіпті елдің табысын арттырады. Ал табыс артқан жерде әлеуметтік жағдай жақсара түседі. Яғни, инвестиция сол өңірді тоқыраудан құтқарып, оны жаңаша өмірге бастайтын қозғаушы күш десек, артық емес.
Ауыл шаруашылығы – ұзақ мерзімді нәтижеге жұмыс істейтін асыраушы сала. Инвестор бүгін құйған қаржысын ертең-ақ қайтарып аламын деп күтпейді. Бұл – сабыр мен төзімді, сенім мен тұрақтылықты қажет ететін күрделі үдеріс. Бірақ оның қайтарымы – тұрақты, ұзақмерзімді әрі елдік мәнге ие. Мысалы, бір жылы құрғақшылық болып, шығым азайса да, келесі жылы мол өнім алып, соның есебінен шығынды ақтауға болады. Немесе бір мал жұтқа ұшыраса да, келесі жылы төлдеп, қайта көбейеді. Яғни, ауыл шаруашылығына салынған әрбір инвестиция бір ұрпақтың игілігіне жұмыс істеп, елдің ертеңіне үлес қосады. Бұл жолда мемлекет те, жеке сектор да, қарапайым азамат та бірігіп әрекет етсе, нағыз нәтижеге қол жеткізуге болады.
Қала бойынша асыраушы салада 2023-2024 жылдары жалпы құны 7,1 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 324 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал осы жылы 2,1 миллиард теңгеге 8 жоба жүзеге асырылса, жыл соңына дейін тағы 5 миллиард теңгеге 5 жобаны іске қосу жоспарлануда. Соның нәтижесінде 342 жаңа жұмыс орны ашылады.
Шаһар экономикасында бюджеттік түсімдердің де маңызы зор. Экономиканың күретамыры – қаржы. Ал сол қаржының негізгі көзі – осы бюджеттік түсімдер. Бұл түсінікті бір қарағанда жай ғана салық пен алымдардан құралған қаражат деп қабылдау оңай. Бірақ тереңірек үңілсек, бюджеттік түсімдердің ел экономикасындағы рөлі әлдеқайда ауқымды, мәні – стратегиялық, маңызы – ұлттық тұрақтылықтың кепілі. Бюджетке түскен әр теңге өңірдің тынысын кеңейтіп, халықтың тұрмысын түзеуге септігін тигізеді. Бұл бір жағынан өңірдің өзін-өзі басқару қабілетін, дербес шешім қабылдау мүмкіндігін айқындайды. Жергілікті салықтар мен төлемдер, мүлік пен жер салығы, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс – осының бәрі өңірлердің мектеп, балабақша, аурухана, жол салу секілді өмірлік маңызы бар нысандарды дер кезінде қаржыландыруына мүмкіндік береді. Әрине, қаржылық тәуелсіздік болмаса өңір де, қала да еркін дами алмайды. Бір шеге қағу үшін орталықтың рұқсатын күтіп отырған аймақ алысқа бара алмайды. Ал өз кірісі бар әкімдік өз жоспарын өзі жасай алады, жергілікті халықтың нақты қажеттіліктеріне сай шешім қабылдайды. Себебі бас қаладан ауылдағы ауызсу мәселесі, шеттегі мектептің ескі қазандығы немесе шұрық-тесік жолдың жай-күйі көріне бермейді. Ал жергілікті биліктің қолында нақты кіріс болса, шешім де кешікпейді. Сондықтан жергілікті бюджеттік түсімдер – осы еркіндіктің, осы сенімнің де негізгі діңгегі.
Бұл ретте Тараз қаласының осы бағыттағы 8 айлық көрсеткіштері көңіл қуантады. Атап айтсақ, соңғы 3 жылда шаһарда салықтық түсімдер – 211,8, ал салықтық емес түсімдер 201,8 пайызға артып отыр. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысымен қаламыздың қазынасына 19 миллиард теңге салық түссе, 2024 жылы шаһар бюджеті 35,8 миллиард теңге салықпен толыққан. Ал ағымдағы жылдың жоспары 39 миллиард теңгеден асып отыр. Оның ішінде негізгі салықтардың барлық түрінен қарқынды динамика қалыптасуда.
Бүгінде жауапты органдар жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту жөнінде 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен. Соған сәйкес, әкімдікке қарасты бюджеттік мекемелер және тиісті уәкілетті органдармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жоғарыда айтқанымыздай, қала аумағында тұрғын үй көлемі жылдан жылға артып келеді. Жалпы, тұрғын үйлердің көптеп салынуы – ел дамуының айқын көрінісі ғана емес, мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігі мен болашаққа жасаған байыпты қадамы.
Бүгінгі таңда урбанизация – бүкіл әлемнің басты үрдісі. Ауылдан қалаға көшіп жатқан халықтың легі жылдан-жылға артып келеді. Қазақстанда да бұл үдеріс қарқынды жүріп жатыр. Алайда баспана жеткіліксіз болса, қаладағы өмір сапасы да төмендей бастайды. Тұрғын үй нарығындағы тапшылық жалдамалы пәтер құнын өсіреді, жас отбасылар үйсіз-күйсіз күн кешеді және халықтың тұрмыс деңгейіне көлеңке түседі. Сондықтан да тұрғын үй салу – жай ғана құрылыс саласындағы жұмыс емес, керісінше әлеуметтік саясаттың ең маңызды бөлігі. Қалада үйлер көптеп салынса, ол тұрғындар үшін тұрақтылық, сенім мен жайлылық сыйлайды. Әсіресе, жас отбасылар мен көпбалалы отбасылар үшін қолжетімді баспананың болуы – ел болашағына жасалған үлкен инвестиция. Себебі өзінің жеке пәтері бар адам ғана ертеңге сеніммен қарайды, отбасын асырауға, кәсіп ашуға, бала тәрбиелеуге көңіл бөледі. Ал пәтерден пәтерге көшіп жүрген адам өмірдің қызығынан гөрі, тауқыметін көбірек сезінетіні белгілі.
Тұрғын үй құрылысының артуы тек әлеуметтік емес, экономикалық жағынан да аса тиімді. Бұл – құрылыс саласын, оның айналасындағы ондаған сала мен мыңдаған жұмыс орнын дамытатын үлкен драйвер. Үйлер көптеп салынса құрылыс материалдарына сұраныс артады, өндіріс өседі. Жобалаушы, жұмысшы, инженер, мердігерлерге дейін барлығы жұмыспен қамтылады. Яғни тұрғын үй салу экономикаға да жан бітіреді. Сонымен қатар су, жылу, жарық, жол, қоғамдық көлік секілді инфрақұрылымдық жүйелер жаңарады. Бұл өз кезегінде қаланың келбетін, өмір сүру сапасын арттырады. Сонымен қатар тұрғын үйдің көптеп салынуы баспана бағасын тұрақтандыруға да әсер етеді. Мәселен, ұсыныс көп болса, сұраныстың қысымы азаяды. Бүгінде ірі қалаларда үй бағасының аспандауы нағыз әлеуметтік мәселеге айналған. Бұл, әсіресе, жалдамалы пәтерде күнелтіп жүрген жас отбасылар үшін ауыр. Тек мемлекеттің қолдауымен емес, жеке инвестициялармен де үйлер көптеп салынса, бұл нарықты тепе-тең күйде ұстауға мүмкіндік береді. Әрине, бұл жерде жоспар мен сапа қатар жүруі керек. Көлем қуалап, сападан айырылып қалу болашақта үлкен мәселе туғызуы мүмкін. Сондықтан салынатын әр үй сапалы, заманауи, қауіпсіз және халыққа ыңғайлы болуға тиіс. Ал ондай үйлер неғұрлым көп болса, қоғам да соншалықты орнықты, дамыған әрі тұрақты болмақ.
Қазіргі таңда облыс орталығында тұрғын үй құрылысындағы жүйелі жұмыстар жұртшылықтың көз алдында. Бүгінде пәтер алу кезегіне қаламызда 23 мыңға жуық азамат тіркелген Осыған орай биыл шаһар аумағында бюджет есебінен 60 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мәселен, «Шапағат» (16) шағынауданында 16 үй бой көтеріп, оның 12-сі пайдалануға берілді. Қалған 4 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар «Ұлы дала» (15) шағынауданында 22 үй салынып жатса, оның 8-і пайдалануға қабылданды. Ал «Балауса» (14) шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Сондай-ақ А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Оның ішінде 30 үйдің құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынды. Ал биыл 260 пәтер сатып алуға 3,8 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Бұған қоса шаһарда жер кезегіне 2005-2025 жылдар аралығында 130 488 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан 46,4 гектар және «Хамукат» алқабынан 125 гектар жер телімдерін мемлекет қажеттілігі үшін алып, қажетті инфрақұрылымдар жүргізілуде. Инженерлік желілердің құрылысы аяқталғаннан кейін «Хамукат» алқабынан – 524 және А.Асқаров көшесінің соңындағы 341 жер телімі жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға реттілігіне сәйкес беріледі.
Қалада тұрғын үйлерді жаңғыртуға да ерекше екпін түсірілуде. Бүгінде шаһардың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 151-і барак типтес болса, 1 287-сі – екі қабатты және одан жоғары үйлер. Сондай-ақ шаһар аумағында өзекті мәселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Бүгінге дейін оның 553-і күрделі жөндеуден өтсе, ал қалған 550 үй жаңғыртуды қажет етеді.
Осыған орай ағымдағы жылы 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Ал биыл Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 15 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі. Қазіргі таңда үйлердің жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Шаһар экономикасына оң әсер ететін ілкімді істердің бірі – жолдарды жөндеу. Осыған орай 2023 жылы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 145 көше орташа жөнделсе, Ташкент және Мәмбет батыр көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Ал 2024 жылы ұзындығы 86,7 шақырымды құрайтын 118 көше орташа жөндеуден өтсе, Саңырық батыр мен Д.Шостакович көшелері қайта жаңғыртылып, 28 саяжайдағы 165 көшеге шағал төселді. Биыл 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек, ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 20 саяжайдағы 104 көшеге шағал төселді.
Сонымен қатар ұзындығы 35,3 шақырым болатын 18 жаяу жүргінші жолы салынды. Рысбек батыр және Қолбасшы Қойгелді көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары басталса, А.Асқаров көшесін жөндеу жоспарланып отыр.
Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» алқабындағы жол жөндеу жұмыстары 99 пайызға аяқталып, 75 көше толық асфальтталды. Сонымен қатар «Барысхан» алқабында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылса, бүгінде 11 көшеге жол толығымен салынды. Бұл жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65-тен 72,5 пайызға дейін артады.
Тараз тамыры тереңде жатқан тарихымен ғана емес, бүгінгі қарқынды дамуымен де мақтана алады. Кешегі Ұлы Жібек жолының ізі қалған, талай дәуірдің куәсі болған көне шаһар бүгінде экономикалық тұрғыдан жаңаша тыныс алып, жаңғырып келеді. Біз атап өткен экономикалық көрсеткіштерден бөлек, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету, қоғамдық көліктерді көбейту бағыттарында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы ілкімді істер алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса береді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment