Қала ажарын ашқан ауқымды акция

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны бастау алған болатын.

Жалпы республика көлемінде ұйымдастырылған ауқымды акцияны өткізу бойынша желілік кесте әзірленіп, 10 сәуір мен 12 мамыр аралығында тазалық жұмыстарын жүргізу, тал балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру бағытында 50 іс-шараның жоспары түзілді. Сондай-ақ кестеден бөлек әр аптаға тақырыптық жоспарлар бекітілді. Осылайша 10 сәуір мен 2 мамыр аралығында жалпы 131 іс-шара ұйымдастырылып, оған 12 151 адам қатысты.
Атап айтқанда, 10-14 сәуір аралығындағы «Таза өлке» апталығы аясында қала аумағында 29 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, көпқабатты үйлердің аулаларына, қала көшелеріне санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 2 175 ағаш көшеті отырғызылды. Олардың 1 423-і – шаған, 183-і – қарағаш, 46-сы – шырша, 111-і – бөртегүл, 28-і – ақ қайың, 10-ы – қарағай, 13-і – павловния, 88-і – бозарша, 132-сі – арша, 62-сі – құлқайыр көшеттері.
Сондай-ақ 16-21 сәуір аралығында «Киелі мекен» атты екінші апталығы шеңберінде тарихи-мәдени ескерткіштердің маңын абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, 5 146 ағаш көшеті мен 500 түп раушан гүлі егілді.
Ал 22-28 сәуір аралығында «Жасыл аймақ» үшінші апталығында скверлерде, қала көшелеріне, саябақтар мен шалғай аумақтарға 2 453 ағаш көшеті отырғызылды. Бұл апталықтың ерекшелігі – 26 династия, оның ішінде 10 мұғалім, 5 дәрігер, 11 теміржолшы әулеті «Теміржолшылар» скверінің маңында ағаш егіп, акцияға өз үлестерін қосты. Сонымен қоса, «Қызыл Абад» алқабында №11 аумақтың тұрғындары мен жастар арасында ағаш көшеттерін отырғызудан жарыс ұйымдастырылды. Сайысқа облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтары және №11 аумақтық округтің тұрғындарынан құралған командалар қатысып, жалпы саны 1 200 қарағаш екті.
Сонымен қатар 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында өтетін «Өнегелі ұрпақ» төртінші апталығында қаланың белсенді жастары, «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарттар үйіне санитарлық-тазалық, ағаш бұтау, сырлау жұмыстарын жүргізіп, зиялы қауым өкілдерімен TEDx форматта еркін сұхбаттасу ұйымдастырылды.
Бұған қоса, ағымдағы жылдың 6-12 мамыр аралығында «Мөлдір бұлақ» бесінші апталығында су қоймаларының айналасы, өзен-көлдерді қоқыстан тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment