«Тараз – қауіпсіз қала» жобасының орындалуын талқылау жөніндегі ведомствоаралық мәжіліс өтті. Жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Нұржан Боранбаев, құқық қорғау органдары, білім мекемелерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Әуелі Тараз қаласы полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Жомарт Мамбетов нашақорлық және есірткі қылмысына қарсы бағытта атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Биылғы 10 айда қалалық полиция басқармасы 176 есірткіге қатысты құқықбұзушылықты анықтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 дерекке артық. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 76 келі 994 грамм 4 миллиграмм түрлі есірткілік заттар тәркіленді. Сонымен қатар заңсыз есірткілік дәрі-дәрмектер айналымына қатысы бар 8 адамнан тұратын қылмыстық топ жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2 фитозертхананың жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ айналымнан 623 грамнан астам синтетикалық есірткі заттары тәркіленді, – деген Жомарт Кеңесбайұлы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Келесі кезекте қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.
– Білім мекемелерінде балаларға қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатымен тиісті жағдайлар жасалып, бұл мәселеге айрықша назар аударылып келеді. Жыл бойы білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен, оның ішінде ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларымен, турникеттермен, дабыл түймелерімен, мамандандырылған күзетпен жабдықтау бойынша үздіксіз кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда балалардың қауіпсіздігіне қатысты талаптар күшейтілуде, – деген Айгерім Аханқызы бірқатар кемшіліктің бар екенін де жасырмады.
Бөлім басшысының айтуы бойынша, шаһардағы білім ордаларында орнатылған 3 264 камераның 136-сы істен шыққан. Бұған қоса 38 мектепке қосымша 1 400 камера орнату қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар биылғы 10 айдың өзінде облыс орталығында кәмелетке толмағандар 41 қылмыс жасаса, оның 19-ы мектеп оқушыларына тиесілі екен.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі мектептердегі әлімжеттік пен буллингке тосқауыл қою, есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, тұрғындар қауіпсіздігін үздіксіз қамтамасыз ету бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.