2011 жылы 20 қазанда ел Президентінің Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып бекітілген еді. Бұл кәсіби мереке осы жылдар ішінде тек ресми шара ғана емес, мейірім мен шапағат мейрамына, игі дәстүрге айналды. Бүгінде аталған салада кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген, көмекке зәру қарттарға, жетімдер мен мүгедектерге қол ұшын созуға әрқашан әзір жандар еңбек етуде. Соның бірі – Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері Гүл Асанова. Мұқтаж жандарға жан жылуын сыйлап жүрген қайырымды сала қызметкерімен мереке қарсаңында аталмыш кәсіптің қыр-сыры жайында сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Гүл Төлебайқызы, келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Әуелі оқырмандарға әлеуметтік қызметкер деген кім екені жайлы түсініктеме беріп өтсеңіз…
Мен қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсетемін. Бұл ретте біз бірінші ата-анамен жұмыс жасап, оларды психологиялық күйзелістен шығарамыз. Артынша баласының жағдайын мойындап, соған көндіккенге дейін үнемі бақылап отырамыз. Содан соң мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімделу кезеңінен өткенге дейін, күндізгі бөлімдерге барып, өзіне-өзі қызмет көрсете алатын деңгейге жеткенге дейін бақылаймыз.
– Мұқтаж жандардың қолғанаты болып жүрген маман иелерінің міндетіне не кіреді? Сала қызметкерлеріне қойылатын басты талаптар қандай?
Бұдан бөлек, әлеуметтік қызметкер мұқтаж адамдарды оларға қажетті және пайдалы қызмет көрсететін орталықтарға бағыттап, екі арасында байланыстырушы буын болуы тиіс. Әрі әлеуметтік көмекті қажет ететін адамдардың құқығын қорғайтын «қорғаушы» рөлінде де игере білуі қажет. Бұл қорғаныс мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдарды мазалап келген сұрақтарға жауап алу, шешім табу, қызмет көрсету кезінде айқындалуы мүмкін. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкер белгілі бір ақпаратпен, білімімен бөлісу арқылы «ұстаз» рөлін де атқара алуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, бізге гуманист, биік рухани және жоғары деңгейдегі мәдениетті педагог, психолог болу міндеті де жүктеледі. Сондай-ақ белгілі бір нәтижеге жету үшін әлеуметтік-педагогикалық жұмысты жоспарлауды, білім мен іскерлікті орынды пайдалану, педагогиканың жаңа әдістерін меңгеру, оқыту мен тәрбиелеудің формаларын білу талабы қойылады.
Әрине, әлеуметтік қызметкердің жұмысы мұнымен шектелмейді. Осының өзінен аталған сала маманы болу қаншалықты қиын екенін байқауға болады.
– Еліміздегі мемлекет қолдауына мұқтаж әр азамат әлеуметтік қызметкердің көмегін алуға құқылы. Ал нақты Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде әлеуметтік қызметкерлер азаматтардың 5 түрлі санатына жәрдемдеседі. Атап айтсақ, психоневрологиялық ауытқуы бар балалар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар, психоневрологиялық ауруы бар 18 жастан асқандар мүгедектер, жалғызбасты қарттар және бірінші, екінші топтағы мүгедектер әлеуметтік қызметкерлердің көмегін пайдалана алады.
Ал бұл қызметке қол жеткізу үшін мүгедектігі бар жандар әуелі медициналық әлеуметтік сараптамадан өтіп, оған жеке оңалту бағдарламасы тағайындалады. Соның нәтижесінде шешім шығарылады. Жергілікті атқарушы органның шешімі шыққаннан кейін азаматқа әлеуметтік қызметкер бөлінеді. Ол әр қызмет алушының үйіне барып, жұмыс кестесін жасап, қолайлы уақытты таңдайды. Жеке жұмыс жоспары жасалынады. Күнделікті қандай жұмыстар атқаратыны белгіленеді.
– Мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Өзінің ең басты байлығы – азаматтары деп білетін мемлекет үшін олардың жоғары деңгейде өмір сүруін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте еліміз адамдардың еңбегі мен денсаулығын қорғау, кепілдендірілген ең төменгі жалақы мөлшерін, отбасын, ананы, әке мен баланы, мүгедектер мен қарт азаматтарды мемлекеттік қолдау, мемлекеттік зейнетақыларды, жәрдемақыларды және әлеуметтік қорғауды тұрақтандырып қана қоймай, дамыту бағытына бүгінгі уақытта ерекше ықтиярлықпен көңіл бөліп келеді. Әсіресе әлеуметтік қызметтер жүйесін дамытуға баса назар аударылып отыр. Бұған дәлел ретінде әлеуметтік қызметкер кәсібінің беделін арттыру және мәртебесін тану мақсатында әлеуметтік қызметкерлер жалақысының кезең-кезеңімен өсіп келе жатқанын айтуға болады. Бұл өз кезегінде мұқтаждығы бар азаматтармен жылдар бойы етене қызмет етіп келе жатқан мамандардың өз ісіне тереңірек бойлап, қызмет сапасына арттыра түсуіне зор итермелеуші күш болып отырғаны айқын.
– Сіздердің қызмет алушыларға да қолайлы жағдайлар жасалып жатыр деп айтуға бола ма?
– Әрине, еліміздегі әлеуметтік қызмет алатын барлық азаматтардың өздері құқылы қызметтерін уақытылы және толық мөлшерінде алуы үшін үлкен істер атқарылуда. Аталған азаматтар тиесілі жәрдемақылары мен өтемақыларын мезгілінен кешікпей алып отырғанын айтпағанның өзінде, 2010 жылдан бері үйде отырған қызмет алушылардың аналарына мүмкіндігі шектеулі бала баққаны үшін жәрдемақы төленіп келеді. Ал 2017 жылдан бастап барлық ғимараттарға кіріп-шығу мүгедектерге қолжетімді болуы үшін пандус салу міндеттелді. Сонымен қатар аталған азаматтар 2021 жылдан бастап техникалық оңалту құралдарын өздері дербес таңдау мүмкіндігіне ие болды. Яғни мүгедектігі бар жандар арнайы әлеуметтік порталға кіру арқылы протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбалар және өзге де сан түрлі өзіне қажетті оңалту құралдарын өздерінің қалауы бойынша таңдап, қол жеткізе алады. Бұдан бөлек, биылдан бастап мүгедек балалар ата-анасының бірі қайтыс болуына байланысты жәрдемақы мен өзінің жәрдемақысын бірге алуға мүмкіндік алып отыр. Осы тұста мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына көп көңіл бөлініп отырғанын да айтып өту керек. Оларға арнайы инклюзивті білім беру жүйесі іске қосылып, әр балаға жеке тютор қызметі бекітілген. Бұл мамандар мектеп қабырғасында балдырғандардың еш кедергіге ұшырамауын қамтамасыз етеді.
Бұл аталған қызметтер біздің мекемеден қызмет алушылардың күнделікті өмірін біршама жеңілдеткені жасырын емес. Әлі де жетілдіріп келе жатқан әлеуметтік қызмет жүйесінде алдағы уақытта да мұқтаж жандар үшін талай оңтайлы қызметтер пайда болады деп сенемін.
– Әлеуметтік қорғау жүйесінде 20 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан білікті мамансыз. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды?
– Жалпы аталған қызмет жүйесі 2003 жылы ашылған. Мен жоғары оқу орнын тәмамдай салысымен, осы әлеуметтік қорғау жүйесіне жұмысқа орналастым. Әлеуметтік қызметкер болып жүрген 19 жылдың ішінде әртүрлі оқиғалар болды. Бірақ бұл саладан әлі күнге дейін кетпей жүруімнің басты себебі – адамдарға деген ерекше ықылас деп ойлаймын. Өйткені жұмыс барысында дене мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ой-қиялы ұшқыр, ақылды да дарынды көптеген балалармен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Мысалға, жұмысқа алғаш орналасқан кезімде Ілияс Махамбетов деген баламен жұмыс істедім. Қол-аяғы мүлде қозғалмайтын болғанына қарамастан, техниканың тілін жетік меңгерген аса үлкен дарын иесі еді. Қасында көмектесетін адам болса, теледидар секілді күрделі құрылғылардың қай жерінен ақау шыққанын еш қиындықсыз анықтап, қалпына келтіре алатын. Ал Ислам Жамалбеков есімді азамат қазіргі уақытта жиһаз жасаумен айналысатын кәсіпорында еңбек етіп, өзгелерге үлгі болып жүр. Сондай-ақ Ерлан Сейдазимов есімді жігітті атап өткім келіп отыр. Жүре пайда болған мүгедектігі бар азамат өзінің ерік-жігерінің мықтылығымен талайды таң қалдырушы еді. Бүгінде өзі өмірде жоқ болғанымен, қоғам белсендісі болып жүріп бастаған істерін қазір соңынан ерген азаматтар жалғастырып жүр.
– Сұхбатымыздың соңында өзіңіз секілді мейірбан мамандық иелері – әріптестеріңізге мерекелік тілегіңізді жолдасаңыз…
– Әлеуметтік қызметкер болып өз жұмысын жақсы көретін, адам баласына шын мәнінде жаны ашитын, кең жүректі, күйзеліске төзімді адамдар ғана жұмыс істей алады. Сол себепті аталған саланың басты құндылығы – кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген қызметкерлердің көмекке зәру қарттарға, жетімдер мен мүгедектерге қол ұшын созуға әрқашан әзір болуы. Кәсіби мереке қарсаңында барлық әріптестеріме қажырлы еңбектері, кең пейілдері, өзгенің қайғысына көз жұмып қарай алмайтын адалдықтары және ақжүректіліктері үшін алғыс айтқым келеді. Әрқашан аман-сау болып, өздеріңіз жүректерінде сенім отын жаққан жандардың да ғұмыры ұзақ, өмірі шуақты болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Мұратхан Әлімхан