«Jambyl-Taraz» газетінің редакциясына жасы егде тартқан әжей келді. Жасы 93-те екенін естігенде елең ете қалдық. Кейуана басылымға ат арылтып алғыс айту үшін келген екен.
Бет-әлпеті мен ширақ қимылына қарап, 93-тегі әжеге ұқсата алмадық. Маруар Закирқызы отырған орындығын ары-бері қимылдатып, келген шаруасына көшті.
– Мен «Жанұя» емханасындағы хирургқа алғысымды қалай жаудырарымды білмей, соңында газетке жариялайын деген шешімге келдім. Ол жас жігіттің өз ісінің нағыз маманы екенін барлығы білсін. Осыдан біраз күн бұрын аяғым біртүрлі қызарып кетті. Қарттық келіп біткен екенмін деп ойладым. Тіпті аяғыма нық тұрудың өзі мұң болды. Оң аяғымның тамырлары білініп, ұстаған сайын жанды қинап ауыртты. Шыдай алмаған соң, дәрігерлердің көмегіне жүгіндім. «Жанұя» емханасындағы хирург-эндоскопист Узбеков Рауан Муратович қарады. «Жүзі жылыдан түңілме» дейді ғой. Жайдары қарсы алып, аяғымды көріп, 2 дәрі жазып берді. «Күніне екі мезгіл жағып қойыңыз» деп шығарып салды. Бастапқыда түсінбей қалдым. Аяғым бастырып жүргізер емес, оған қоса қып-қызыл болған жерлері үдей түсуде. Қатты қорықтым. Екінші дәріні жаққаннан тәуір боламын деген ойға мүлде сенген жоқпын. «Жаным қиналып тұрғанда, ертең тағы келетін болдым-ау» деп ойладым. Алайда Рауан айтқан дәрілерді қолданған соң екі күннен кейін аяғымды нық басып, қызарған тұстары да кетті. Қуанғаннан «Жанұя» емханасына келіп, басшылыққа алғысымды айттым. Рауанның өзіне келіп: «Саған қалай рақметімді білдірсем болады?» – дегенімде: «Бұл менің міндетім ғой, сіз үшін қуаныштымын», – деп күлімдеп қалды. Жас жігіттің ісі мен сөзі көпке үлгі боларлықтай болған соң, сіздерге айтып жариялайын деп бекіндім.
Өзім «Jambyl-Taraz» газетінің тұрақты оқырманымын. Осындағы жігіттерге хабарласып, мән-жайды түсіндіргенімде, артық ауыз сөзсіз: «Сіздің алғысыңызды, қуанышыңызды газет бетіне жариялап береміз. Келіңіз, апа!», – деді. Қазір қоғамда жанашыр, ізетті жастардың өсіп келе жатқаны қуантады, – деді Маруар Закирқызы.
Маруар апамыздың әңгімесін тыңдап отырып іштей таңдандық. Алғыс айтып, ақ ниетін білдіруге келген оқырманымыздың сауығып кеткені үшін «Жанұя» емханасына біз де алғысымызды айтамыз. Алдағы уақытта ақ халатты абзал жанның бұл еңбегі жас буын мен әріптестеріне үлгі-өнеге болады деп сенеміз.